$ 494.87  520.65  4.91

«Ол өзінің киімі ретінде сенің денеңді таңдады»: әкемнің құпия айнасы

Үйімізде даладан кіргенде дәліздегі киім ілінетін шкафтан бастап төргі бөлмеге дейін айна ілінген. Жасым 20-ға толса да осының сырын әлі күнге дейін біле алар емеспін.
Фото: Fandom
Фото: Fandom

Бүгін тағы бір айна сатып алып келді. Енді қонақ бөлмеге орналастырғалы жатыр. Әкем қызық адам осы! Айнаға анам құмартса, таңғалмас едім...

Үйімізде даладан кіргенде дәліздегі киім ілінетін шкафтан бастап төргі бөлмеге дейін айна ілінген. Жасым 20-ға толса да осының сырын әлі күнге дейін біле алар емеспін. Жай ғана қызығушылық деп те айта алмаймын. Әкем мен шешем інімді алып бір аптаға демалысқа кетпекші. Шекара асып өзге елді тамашаламақ. Қырсық шалғанда менің емтиханым осы күнмен тұспа-тұс келгені көңілімді су сепкендей басты. Әрі үйге қарауыл қылып қалдырмақ. Күткен күн келді. Отбасы мүшелері жолға жиналып жатыр.

Әкемнен сонша айнаны не үшін тізіп қойғанын сұрауға батпадым. Сапарына ақ жол тілеп, шығарып салудан басқа амал қалмады. Есіктің алдында біршама уақыт отырған соң үйге кіруге зауқым соқпай аулада жүріп алдым. Менімен құрдас көршім бар. Ол да көрінбейді. Сарайға кіріп, ескі заттарды ақтардым. Соғыс кезінде атамның ұстаған ұстарасынан бастап осы уақытқа дейінгі ерекше заттардың барлығы тұр. Кенет аяғым бірдеңеге тиіп, сүріндім. Қарасам, темір жылтыңдайды. Топырағын аршып қалғанымда төртбұрышты ағашты бекітіп тұрған құлып екен. Міне, қызық! Бұл не болды? Темір балғаны алып ұра бастап едім, шіруге шақ қалған құлыптың күл-паршасы шықты. Салмағым басып, төменге қарғып түскенімді де байқамай қалдым. Тас түнек. Төбемде сарайдың әлсіз жарығы көрінеді. Кенет сол жағыма бұрылғаным сол, маған бір адам қарап тұр. Жердің астындағы өзімді көргенде төбе шашым тік тұрды. Екінші мен. Үстіндегі киімдері де дәл менікі. Төбеден түскен сәуледен жүзін байқай алмадым. Жүрегім тоқтап қалды деймін іштей. Аяғымнан әл кетті, қозғалуға шама жоқ. Бар күшімнің жеткені – көзімді жұму болыпты. Сол кезде ғана құтқарылатындай кірпігімді айқастырып алып, ашқым келмейді. Бірақ жүрегім жарылып, жаным шығып кеткен жоқ. Дін аманмын. Олай болса ендігі қимылым осы жерден сыртқа шығу болуы керек. Көзімді  сығырайта  ашып, саты іздедім. Оған қарай  жаймен  жылжи  бергенде  маған  айнымайтын  бейненің  де қозғалғанын байқадым. Тіпті қолын көтеріп, тоқта деп ишара жасағандай. Сатыға  жармасқан  бойы  сыртқа шықпаққа әрекеттендім. Еденнен басым қылтия бергенде аяғымнан тартып қалды. Сырғып төменге түстім. «Маған сенің денең керек!» деп ақырды ол.

Әзірейіл келгендей қорықсам да, соңғы күшімді жинап, сатыға ұмтылдым. Құдайға тәубе, бұл жолы одан жылдамырақ қимылдап тысқа шықтым. Үйге қарай жүгіріп барамын. Мына сұмдықтан қалай қашып құтыларымды ойлап, мәңгіріп отырғанымда шытырлаған дауыс шықты. Ішке енсем, бөлмедегі айналар бірінен соң бірі сынып жатыр. Тек жаңа айнаға ғана сынық түспепті. Бар үрейімді жеңіп, көмектесердей соның жанына жетіп бардым. Сонда ғана көңілім тыншыды. Қанша уақыт отырғаным  белгісіз, бір сәтте ақ бұлттардың арасында қалықтап жүрмін. Бір дауыс сонда құлағыма ақырын ғана сыбырлады. «Ол өзінің киімі ретінде сенің денеңді таңдады. Басқа амалың жоқ, осында қалуың керек. Әйтпесе ол өлілер мекеніне енді қайта орала алмайды. Жер бетіне барып, аяқталмаған ісін жалғауы керек. Ал сенің миссияң осы жерден бітті». Өңім не түсім екенімді айыра  алмай  жатырмын,  ұйқы  қысты...

P.S. ...Бір жеті өтіп үйге оралған ата-аналары өз көзіне өзі сенбеді. Себебі  үй іші адам танымастай өзгеріп кеткен. Өзгермегені – айналар ғана. Алдынан ұлы шығып, құшақтай  алғанда, ештеңеден бейхабар әке-шешесі  оған  алған базарлығын беріп жатты.

Ал «баласы» болса, әке-шешесінің, інісінің тіпті есімін де білмейді...

Автор: Жазира Қойшыбаева

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары