$ 494.87  520.65  4.91

Аппақ киінген сұлба: ол қасыма жақындағанда «жаны бар өлік» болып қалдым

Кресло жақ тып-тыныш, тек аяқ жағымда сары мысық жатыр, оның да екі көзі сол жаққа қадалып қалған.

Өткен ғасырдың 90-жылдары Жезқазғанда апа-жездемнің үйінде тұрдым. Жер үйде. Әскерден жаңа келген жастықтың буымен жүрген кезіміз. Жездем де менен үш-төрт жас қана үлкендігі бар. Қолында кәрі әжесі болды. Ол кісі төр бөлмеде диванда жататын. Жасы келген кісі ғой. Мен осы үйге келген уақыттан жарты жылдай өткенде қайтыс болды.

Жөн-жоралғысын жасап, ақтық сапарға аттандырып салдық. Әжейдің қайтқанына бірнеше күн өткеннен кейін мен сол кісі дамыл тапқан диванға келіп жантая салғанмын, ұйқтап кетіппін. Түннің бір уағында оянып кеттім. Қарасам, диванға қарсы тұрған кресло жақтан аппақ болып киінген бір кісі келе жатыр. Бірақ, жаңағы сұлба кресло жақтан шыққанда жүріп емес, ауада қалқып келгендей көрінді. Бет-жүзі көрінбейді. Үстіне ұзын орамал тағып алғандай.

Үй іші қараңғы, барлық бөлмеде жарық өшіп тұрған болатын. «Апам неге түнде жүр?» деп ойлап қоям. Сөйлейін десем, тілім жоқ, байланып қалған. Тұрайын деп оқталдым. Жоқ, аяқ-қол тұрмақ, денем де, басым да қимылдамайды. «Жаны бар өлік» болып қалдым. Содан іштей «пісіміллә- рахманир-рахим!» деп қайталай бердім, қайталай бердім. Бәр білетінім сол болса, қайтейін!

Көз жанарым сол бейнеде. Жақындап келіп, бетіме үңілгендей болды да, артқа қарай жылжып, сол кресло маңына барып жоқ болды. Ол да ғайып болды, денеме жан бітіп, мен де «ух» дедім. Тұра салып, жарықты қостым. Кресло жақ тып-тыныш, тек аяқ жағымда сары мысық жатыр, оның да екі көзі сол жаққа қадалып қалған.

Кейін бұл туралы жездеме де, апама да айттым. Сенбеді-ау деймін, күлді де қойды. Өйткені ол уақытта арақ ұрттау деген бар болатын, сандырақ деп ойласа керек. Одан бері жиырма жылдан астам уақыт өтсе де әлі күнге дейін есімнен кетпейді.

Үлкендер айтушы еді, әр үйдің иесі болады деп. Сол ма деген де ой келгені рас. Мүмкін, қайтыс болған әжейдің аруағы ма? Кейде ойлап та қоямын, мысық болмаса не болам деп. Алып кетер ме еді?.. Өйткені, елес мысықтан қорқады-мыс.

Айтқым келгені, сол оқиғадан кейін тылсымға сене бастадым.

Әдебиет БЕЛГІБАЙҰЛЫ

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары