$ 443.85  474.3  4.8

«Каспий теңізінде су перісі жүр»: ол туралы ғалымдар не дейді?

«Каспий теңізі – негізі миллиард жыл бұрынғы құрлықтардың түйісуінен пайда болған жер бетіндегі ең ежелгі табиғи су көзі. Бұдан бөлек, Каспий – эволюция тұрғысынан да мүлде басқаша жолмен дамитын тұйық экожүйе. Сондықтан мұнда адам-балықтардың өмір сүруі әбден мүмкін».
фото: youtube.com
фото: youtube.com

Жалпы, су перісі туралы аңыз-әпсаналар біраз елдің фольклорында бар. Олардың бәрінде айтылатын періге тән ерекшелік бірдей. Адамды есінен айыратын ән салуын, телепатиялық немесе магиялық қасиеттерін теңізшілер мен балықшылар көп айтады. Дені өз ұғымындағы су перісін «русалка» етіп суреттейді.

Соның ішінен мысалға өзімізге жақындауын алсақ, түрік мифологиясында жаратылыстың бастапқы нүктесі – су. Байырғы түрік нанымында жер мен суға Құдай құдірет бергендіктен, өзен, көл, теңіз, мұхиттың бір-бір рухы, иесі бар деп есептелген. Олар әр жерде «су атасы», «су анасы», «су бабасы», «су перісі», «су иесі», «су қызы» деп аталған.

Сол сияқты, өзіміздің қазақ фольклорында да су перісіне қатысты аңыз-әпсаналар көп. «Адамды атын атап шақырып, су түбіне тартып әкететін су перісін» аталарымыз үббе деп атаған. Ол атау суға батып бара жатқан адамның «үб-б-б» деген дауысымен байланыстырылады. Қазақ мифологиясында үббенің өзендер мен көлдердің тереңінде өмір сүретіндігі айтылады. Негізгі мақсаты – адамды суға батырып өлтіру-міс.

Нақты айтқанда, қазақ даласындағы су перісіне қатысты деректер ХІХ ғасырдың аяғында жинақтала бастады. Орыс географиялық қоғамының мүшесі, этнограф Михаил Миропиев 1888 жылы жарық көрген «Демонологические рассказы киргизов» деген кітабында үббе туралы айтылған біраз қауесетті келтірген. Сондағы алғысөзінде автор үббе, албасты, жезтырнақ сынды «тіршілік иелерін» Ислам дініне дейінгі шаманизмнің қалдығы ретінде қарастырған. Тіпті, Сырдария облысына қарасты Перовск уезі қазақтарының аузынан тылсым күштерге қатысты 27 хикая жазып алыпты.

Соның ішінде үббеге қатысты хикаяны Есмұхаммед Букин, Ысмайыл Қасымұлы және Ерғали Қасымұлы деген азаматтар баяндап берген. Ерғали Қасымұлының айтуынша, жерлестері «су перісі алып кеткен» Зортеке деген кісінің сүйегін таба алмаған соң, дарияның жағасына соған арналған белгі тұрғызып қойыпты. Бүгінде «Зортекенің белгісі» деген биік мұнара Қармақшы ауданының жанындағы Абла деген өткелдің аузында тұрған көрінеді.

Академик Сейіт Қасқабасов та Михаил Миропиев сияқты үббеге қатысты хикаялардың шығуын Ислам дініне дейінгі кезеңмен байланыстырады.

«Қазақ фольклорында көпқұдайлы мифологияның іздері көне Түркі қағанаты тұсында болған көктегі Тәңір мен басқа да тәңірлер туралы ұғым-түсініктерден қалған сарқыншақтардан көрінеді. Ислам келгеннен кейін ол нанымдар мен кейіпкерлер ысырылып, орнына исламдық мифологияның кейіпкерлері енді. Сөйтіп, ежелгі албасты, жезтырнақ, үббе, күлдіргіш тәрізді кейіпкерлермен бірге хикаяларда жын, шайтан, диюлар жүреді», – дейді ол.

Этнограф, фольклоршы Әубәкір Диваев та: «Жындарға сену Азияда өте ерте заманнан бері бар. Арабтардың өзінде Ислам дәуіріне дейін-ақ оларға сенім болған, сондай-ақ, орыс деревнясы да бұдан құралақан емес. Қазақ демонологиясында араб және парсы атаулары: жын, дию, пері және басқалармен бірге рухтардың әлі де бірнеше өздерінше атаулары бар. Оларды Ислам қазақтардың бұрынғы шамандық дінінен ығыстырып үлгермеген. Бұлар албасты немесе марту, бишора, обыр, жезтырнақ, үббе деп аталады», – дейді.

Бұл ретте, Диваев айтып отырған «орыс деревнясы» су перісі туралы әңгімені ХІХ ғасырдың басынан бері зерттеп келеді. Мәселен, 1815 жылы П. Строев су перілерінің өмірде бар екенін жазды. 1848 жылы А. Терещенко су перісін «көзіммен көрдім» деген орыс халқының дерегін жинады. ХІХ ғасырдың ортасынан бастап оған Орыс географиялық қоғамы да мән бере бастады.

Керек десеңіз, отандық ғалым Әділ Қоразбаев «куәгерлердің» сөздеріне сүйене отырып, «Каспий теңізінде су перісі жүр» деп пайымдады. Бір ғажабы, ол «браконьерлерге шабуыл жасаған» көрінеді. Сондай-ақ, «оны көрген мұнайшылар да бар» екен.

Өзінің жастық шағын Каспийдің жағасындағы Ленкорань қаласында өткізген әзербайжандық ғалым Самед Алиоглы да теңізден су перісін көріпті-міс. Айтуынша, ол 15 жасында атасымен бірге түнге қарай балық аулауға шыққан. Сол кезде балықтардың арасында жүзіп жүрген су перісін байқап қалыпты. Балықтардың шоғыры пері қалай бұрылса, солай қарай жүзетін болған.

«Самед Джафаров Әзірбайжан мен Иранның біраз ғалымдарының күлкіге қаламыз деп айтпай жүрген құпиясын айтты. Шын мәнінде, Иранда ешкім Каспий теңізінде су перілерінің өмір сүретініне күмәнданбайды. Оны олар «рунаншах» деп атайды. Бұл – тек фольклор элементі ғана емес, шынайы бақылау мен адамдардың куәгерлігінен туындаған нәрсе. Өйткені, мұсылмандық сенімде өтірік айтуға жол жоқ. Каспий теңізі – негізі миллиард жыл бұрынғы құрлықтардың түйісуінен пайда болған жер бетіндегі ең ежелгі табиғи су көзі. Бұдан бөлек, Каспий – эволюция тұрғысынан да мүлде басқаша жолмен дамитын тұйық экожүйе. Сондықтан мұнда адам-балықтардың өмір сүруі әбден мүмкін», – дейді Әділ Қоразбаев.

Самед Джафаровтың өзі де «куәгерлердің көргендері және жекелеген бақылаулар дерегіне» сүйене отырып, «Каспийдегі су перілері» туралы анықтама берді. «Су перілерінде күміс-көкшіл тері және қоңыр, жасыл түсті ұзын шаш, сосын кәдімгі адамның қолы сияқты, бірақ, төрт саусақты қол бар және көздері үлкен. Ал құлақтары жоқ», – деп отырып, «Оларда құйрық бар ма?» деген сұраққа жауап бере алмаған.

Онысымен қоймай, Самед Джафаров «Каспий теңізіндегі экологиялық жағдайдың төмендеуіне байланысты, соңғы кездері су перісі азайып кетті» деген сенімде. Әйтпесе, «Каспий су перілері браконьерлерді жек көріп, оларға жиі шабуыл жасап тұрған» екен. Сөйтіп, кезінде осы «жұмбақ жаратылысты» табу үшін Каспийге Жак-Ив Кустоның өзі келген деген сөз де бар. Бірақ, ол су перісін көрдім-білдім демеген.

P.S. Мұсылман түсінігінде «Алла Тағала оттан Ібілісті, топырақтан Адамды жаратты» деген сенім ғана бар. Бітті. Ал Ібіліс от перісі, су перісі, орман перісі, тау перісі деп бөлінбейді. Сондай-ақ, барлық діни наным-сенімде жаман күштердің ықпалын, әртүрлі ластықты сумен жоюға болады. Адамды тіл-көзден, жын-періден қасиетті күші бар су қорғайды деп саналады. Халық арасында «жынданған адам да ағып тұрған суға қарап сауығады» деген түсінік бар. Ислам дінінде де бес уақыт дәрет алғанда, сумен тазалану маңызды. Демек, су – рухани, материалдық ластықтан тазаланып құтылудың символы болса, сонда оның түбінде пері неғып жүр? Ал оттан жаратылған Ібілістің судан қорықпауы мүмкін емес. Сондай-ақ, су перісінің нақты ғылыми тұжырымы әлі жоқ. Тек адамдардың өзі соның бар екеніне сенгісі, тіпті, өз көзімен көргісі келетін, «көрдім» дегендердің өтірігін шындық деп қабылдайтын ұстанымына байланып, түйсігіне «су перісі бар» деген алдамшы сезімін шырмап алған. Тіпті, қолдан аңыздағы русалкалардың «өлексесін» жасап, оны бейнетаспаға түсіріп, әлеуметтік желі арқылы көрермен тартудың амалына көшкендер де көп.

Ал, Сіз не дейсіз? «Су перісі бар» дегенге сенесіз бе?

Еркеғали БЕЙСЕНОВ

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 1
Ұнамайды 0
Күлкілі 1
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары