Алматыда 28 жастағы банк қызметкері Нұршат Розиевтің өліміне қатысты өтіп жатқан сот процесінде жарыссөз аяқталды деп жазады Tengrinews.kz. Қылмыстық істер бойынша мамандандырылған ауданаралық сотында прокурор және күдіктілер мен жәбірленушілердің адвокаттары сөз сөйледі.
Айта кетейік, банкирді өлтірді деген айыппен марқұмның ауылдастары Жандос Байзақов пен Аслан Райбаев сотталып жатыр. Екеуі де 22 жаста.
Тергеу материалдарынан анықталғандай, күдіктілер Розиев жасаған жол-көлік оқиғасына куәгер болған екен. Бұл жайтты полицейлерге айтпау үшін олар ауылдасынан 30 мың теңге талап етіпті. Алайда, ақша ала алмағандықтан Нұршаттың үйіне барып, оны өлтірген.
"Айыпталушы Байзақов пен Райбаев аса ауыр қылмысты қасақана жасаған және олар қоғамға аса қауіпті. Олардың қылмыстық жауапкершілігін жұмсарту жағдайлары қарастырылмайды. Олардың әрбірін 19 жылға бас бостандығынан айырып, мүліктерін тәркілеуіңізді сұраймын. Жазасын қатаң режимдегі түзеу мекемесінде өтесін", - деді мемлекеттік айыптаушы.
Бұған дейін Жандос Байзақов ауыр қылмысты өзі жасағанын, ал, Райбаев тек өзге қылмыстарды жасауға көмектескенін айтқан болатын. Күдіктілер ҚР Қылмыстық кодексінің бес бабы: "Кісі өлтіру", "Бопсалау", "Ұрлық", "Біреудің мүлкін қасақана жою" және "Автокөлікті заңсыз иемдену" бойынша айыпталуда.
Ал, Розиевтің ата-анасы болса күдіктілерді өмір бойына бас бостандығынан айыру керектігін айтып отыр. Марқұмның артында жасар баласы қалды.