Астанада «Автобус» рейдтік іс-шарасының нәтижесі шығарылды. Үш күн ішінде автобус жүргізушілерінің жол-көлік ережесін 623 рет бұзғаны анықталды, деп хабарлайды Tengrinews.kz.
«5-7 тамыз аралығында Астана қаласы жол-патруль полициясының 300-ден астам қызметкері «Автобус» атты профилактикалық іс-шара жүргізді. Шара барысында автобус жүргізушілерінің жол ережесін 623 рет бұзғаны белгілі болды. Бұл туралы Аstana.kz сайтына Астана қаласының ІІД хабарлады», делінген ресми хабарламада.
Оның ішінде, қалдық заттарды сақтап, ауаны ластаудың 132 жағдайы, жүк және жолаушылар тасымалдау ережесін сақтамаудың 32 факті тіркелді. Сонымен қатар, автобус паркінің 6 жауапты тұлғасы түрлі жол-көлік заңдылықтарын бұзғаны үшін әкімшілік жауапқа тартылған. 33 автобус жүргізушісі көлік жүргізу кезінде телефон пайдаланғаны үшін, 6 жүргізуші жылдамдықты асырғаны үшін айыппұл төледі.
«Мұндай профилактикалық шаралар қоғамдық көліктің қатысуымен болатын жол-көлік оқиғаларының алдын алуға септігін тигізеді», делінген қала әкімдігінің ресми сайтында.