$ 494.87  520.65  4.91

Америкалық күйеуінен ажырасқан қазақ қызы түрмеге қамалды

АҚШ-та Қазақстан азаматшасы Ә.Күшенова қамауға алынды. ҚР Сыртқы істер министрлігі ведомствоның баспасөз хатшысы Нұржан Айтмахановтың қамауға алынған Ә.Күшеноваға қатысты берген түсініктемесін таратты, деп хабарлайды «Қазақпарат».

Әсия Күшенова Флорида штатында (АҚШ) Леон графтығында 5 тамыз күні қамауға алынған. Флорида штатының полицейлері берген жауапта біздің отандасымыз «үй иесінің келісімінсіз жеке мүлікте тұрғаны үшін» және «аяғы ауыр әйелге қол көтергені» үшін абақтыға тоғытылған. Ол сонымен қатар АҚШ-тың көші-қон заңын бұзды деп айыпталып отыр.

Қазіргі уақытта Ә.Күшенова «Leon County Jail» түрмесінде. Оған Мэтью Уильямс есімді мемлекеттік адвокат тағайындалған. Оның ісі бойынша сот отырысы 26 тамызда болады.

Бұның алдында АҚШ-тағы Қазақстан Елшілігінің консулдық бөлімінің кеңесі бойынша, Ә.Күшенова Қазақстанға оралу жөнінде куәлікті алуға өтініш берген. Оның арызы мақұлданған, дегенмен хатта жіберген адамның мекенжайы көрсетілмеген.

Бұл туралы Ә.Күшенованың анасы Гүлсайра Жүнісоваға хабардар етілген. 2013 жылдың өзінде Жүнісова Қазақстан Елшілігіне АҚШ-тағы баласына көмек беруін өтінген. Ә.Күшенованың жағдайына байланысты оған елге оралуға кеңес берілді. Алайда ол үзілді-кесілді қарсылық танытты.

Сол уақыттан бері АҚШ-тағы Қазақстан Елшілігі Ә.Күшенованың анасымен әрдайым байланыста болды. Оған АҚШ-тағы Қазақстан консулының телефон нөмірі де берілген.

ҚР Сыртқы істер министрлігі Ә.Күшенованың жағдайын жіті бақылауда ұстамақ және ол азаматшаға консулдық-құқықтық көмек көрсетіп отырады.

Еске сала кетейік, Әсия Күшенова 2010 жылы Америкаға кетіп, онда жергілікті азаматпен танысып, отау құрған. Артынша өзара сиыса алмаған олар ажырасып тынған. Ал, бұл кезде Ә. Күшенова америкалық жігіттен ұлды болып үлгерген. Қазіргі уақытта түрмеге түсуіне байланысты ұлынан (1,5 жаста, есімі Тамерлан) айрылған Әсия мен оның Қазақстандағы шешесі сәбиді қалай қайтарып аларын білмей отыр.

Сондай-ақ, Ә. Күшенованың анасы Гүлсайра Жүнісова өзінің «Фэйсбук» әлеуметтік желісіндегі жазуы бойынша, «Mary Kay» компаниясында қызмет етеді.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары