Ақтөбе соты облыстың бұрынғы бас дәрігерінің орынбасарын сан соқтырған алаяққа үкім кесті. Шенеуніктен өзге тағы төрт адамды алдаған 39 жастағы Ботагөз Биекенова енді өмірінің 3 жыл 3 айын түрмеде өткізуі тиіс деп мәлімдеді КТК телеарнасы.
Алмат Ермағанбетов қамауда отырған осы әйелдің кесерінен 20 мың долларымен қоса, әкімдіктегі қызметінен де айырылған болатын. Қыздарын жоғары оқу орнына түсіп беруге уәде еткен алаяққа шенеунік осынша ақшаны ұстата салыпты. Кейін алданғанын біліп, арыз жазғанымен, өзі де пара бергені үшін облыстық денсаулық сақтау басқармасынан қуылып тынды. Ал, Ботагөз Биекенова шенеуніктен өзге 4 танысын алдаған. Біріне Астанадан үй алып беремін десе, екіншісін кәсібінен үлес беремін деп үміттендіріпті. Әйтсе де келіншек кінәсін со күйі мойындаған жоқ.