Республикалық санитарлық авиация орталығы бас директорының орынбасары пара алып жатқан жерінен ұсталды деп хабарлайды Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросының баспасөз қызметі.
"2 сәуір күні 2 миллион теңге көлемінде пара алып жатқан жерінде Республикалық санитарлық авиация орталығы бас директорының орынбасары М.З.Шалғынбаев ұсталды. Ол қылмыстық жүйе құрып, жекеменшік авикомпаниялардың басшыларынан науқастарды тасымалдау қызметін көрсету мақсатында келісімшартқа отыру үшін пара алып келген. Арам ойын жүзеге асыру үшін күдікті мекеменің өзге қызметкерлерін пайдаланған", - делінген аталған хабарламада.
Ведомство өкілдерінің айтуынша, Шалғынбаев әрбір келісімшарттағы соманың 10 пайызын өз қалтасына басып отырған.
"Шалғынбаев аса ірі көлемдегі параны бірнеше рет алған. Ол Sky Service ЖШС, East Wing АҚ және өзге де компания басшыларынан жалпы сомасы 130 мың доллар көлемінде пара алған", - дейді құзырлы сала мамандары.
Қазіргі таңда күдікті қамауға алынып, тергеу шаралары жүргізіліп жатыр.