Оңтүстік Қазақстан облысының прокуроры Жергілікті полиция қызметін әкімдік құрамынан алып, Ішкі істер департаментіне қайта қосуды ұсынып отыр. Ибрагим Имановтың айтуынша, жергілікті полицейлердің жұмысы күткен нәтижені бермеген.
Бұл туралы облыстың бас прокуроры өңірдегі қылмыс деңгейін төмендету мәселелеріне арналған үйлестіру кеңесінің жиынында айтты.
Айта кетейік, аталған жиында сөз сөйлеген Жергілікті полиция қызметінің басшысы Әбдіғани Сейдуалиев қоластындағы қызметкерлер санының аздығына шағымданған болатын.
Иманов болса мүлдем басқа пікірде. Оның айтуынша, жол-патрульді полиция экипаждарының 70 пайыздайы көшелерді бақылаудың орнына өз істерімен айналысып жүреді екен. Ал, түнде тұрғындардың тыныштығын күзетудің орнына үйлеріне ұйықтауға кететін көрінеді.
«Мен жергілікті полиция қызметінен мүлдем бас тартуды ұсынамын. Олардың жұмысын қадағалау үшін тағы бір қосымша бөлім қажет. Біз тексеру жүргізіп көрдік, жол-патрульдік полиция экипаждарының 70 пайызы белгіленген кестеден ауытқып, өз істерімен айналысып жүреді. Ал, басшысы болса жұмыс істеудің орнына өзін жарнамалаудан қолы тимейді» — дейді ОҚО прокуроры.
Ол Жергілікті полиция қызметін әкімдіктерден алып, ішкі істер органдарына қайтарып беруді ұсынып отыр. Бұл бастаманы облыстық мәслихаттың депутаты Өмірзақ Мелдеханов та қолдады. Ол патрульдік полицейлерді көшелерден мүлдем алып тастап, жол қиылыстарына "ақылды" технологиялар орнату керектігін айтты.
Дегенмен, Жергілікті полиция қызметінің басшысы прокурордың бұл айтқандарымен келіспейді. Ол соңғы 7 жылда алғаш рет Шымкенттегі қылмыс деңгейін төмендеткенін айтып отыр. Атап айтқанда, жыл басынан бері қалада 5 мыңға жуық құқық бұзушылық тіркеліпті. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 20 пайызға төмен дейді ол.