Батыс Қазақстан облысы Шалғай ауылының әкімін тасумен айналысқан жүргізуші Виктор Яковенконың өлі денесі былтыр өз үйінде табылған болатын. Мәйітті бірінші болып тапқан оның туыстары Виктордың азаппен өлтірілгенін полицияға да, БАҚ өкілдеріне де хабарлаған болатын. Алайда, істі бүгінге дейін тексерген ішкі істер органдары ешқандай қылмыстың болмағанын айтып, істі жылы жауып қойды деп жазады "Надежда" басылымы.
Полицейлер аталған істің мән-жайын әлі ешкімге айтпаса да, мәйіт табылған күні куәгер болған көршілері тілшілерге оқиғаның ақ-қарасын жайып салды. Айтуларынша, Виктордың бетінде соққының іздері болған, сондай-ақ, аяқ-қолы әйелдер шұлығымен орындыққа байланып, дыбысын шығармау үшін аузына ұзындығы 1 метр болатын шұлықты тығып жіберіпті. Бұл аздай, марқұмның үстінде әйелдер киімі болған.
Осы жайтты айтып берген көршісі тергеу құпиясын жайып салғаны үшін түрмеге қамалуға сәл қалды. Тәуелсіздіктің 25 жылдығына орай жарияланған рақымшылыққа ілінген ол қазір отбасының жанында.
Кісі өлімінің тіркелгеніне 4 ай өтсе де полицейлер күдіктілерді анықтай алмаған көрінеді. Нәтижесінде қылмыстық құрам жоқ деп, істі жаба салған. Бірақ, марқұмның өз аузына шұлықты қалай тыққаны, өзін-өзі көкала қойдай етіп қалай сабағаны және орындыққа өзінің аяқ-қолын қалай байлағаны белгісіз.