$ 498.34  519.72  4.85

Аян Мейірбаевтың әпкесінің ісімен жемқорлыққа қарсы іс-қимыл бюросы айналысатын болды

Былтыр Астанадағы медуниверситеттің 23 жастағы студенті Ерасыл Әубәкіровті айуандықпен өлтірді деп ұсталып, кейін ақталып шығып кеткен Аян Мейірбаевтың туған әпкесінің үстінен де қылмыстық іс қозғалғаны белгілі. Көлігінің жүксалғышындағы адам мәйітін ол қар астына жасырып кеткен. Қазір оның ісі Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі Ұлттық бюроға тапсырылды дейді Tengrinews.kz ҚР ІІМ-не сілтеме жасап.

Полицейлер аталған істің құпиялығына байланысты тергеу барысының қалай жүргені туралы ақпарат беруден бас тартқан. Ал, мәйітті жасыруға көмектескен өзге күдіктілердің үстінен қылмыстық іс қозғалып, сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр екен. Оларға қылмысты біле тұра жасырды деген айып тағылуда. Ал, А.Мейірбаеваның ісімен неліктен Ұлттық бюро айналысатыны айтылған жоқ.

Еске салайық, 23 жастағы Ерасыл Әубәкіров 2016 жылдың ақпанында жоғалып кетіп, бір аптадан кейін оның денесі қар астынан табылған болатын. Полицейлер артынша төрт күдіктіні қолға түсірді. Басты күдікті ретінде Аян Мейірбаев танылған еді. Өйткені, қылмыс түсірілген видеоматериалда Аянның Ерасылды азаптап жатқан сәті анық көрінген. Дегенмен, тергеушілер Аянның "сүттен ақ, судан таза" екенін айтып, оны ақтап шығарды. Ал, қылмысты видеокамераға түсірген Нұрбек Әжімбай болса басты кінәлі деп танылып, сот оны 20 жылға бас бостандығынан айырған болатын. Қылмысты жасауға көмектескен тағы екі жігіт те ұзақ жылға сотталды.

Айта кетейік, Аян Мейірбаевтың әкесі Шығыс Қазақстан облысындағы ірі кәсіпкерлердің бірі.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары