Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросының Қостанай облысы бойынша департаменті Рудный қаласы әкімінің орынбасарын ұстады. М.А.Досполов 15 миллион теңге пара алып жатқан сәтте қолға түскен. Бұл туралы Ұлттық бюроның баспасөз қызметі таратқан хабарламада айтылды.
Бұл қаражатты шенеунік құрылыс компаниясы басшысынан алған.
- "Өркен" ЖШС мердігер компаниясының директоры У.К.Мүсірәлиевтен алған қаражат үшін әкімнің орынбасары компанияға "қамқорлық" көрсетуге уәде еткен. Аталған компания "Нұрлы жол" бағдарламасы аясында құбыр жүргізу жұмыстарымен айналысады, - делінген аталған хабарламада.
Досполов пен Мүсірәлиев 12 мамыр күні ұсталып, екеуі де уақытша қамау абақтысына жабылды. Қазіргі таңда тергеу амалдары жүріп жатыр.