$ 498.34  519.72  4.85

ОҚО-да зорланған оқушы ісіне қатысты тергеуге алынған полицейлер ісі Жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігіне жіберілді

Оңтүстік Қазақстан облысындағы Бәйдібек ауданында 14 жасар қыздың зорланғаны туралы ақпарат осыдан бірнеше күн бұрын БАҚ беттерінде жарияланған болатын. Жәбірленген оқушының анасы полицейлер мен прокурорлар қылмыстық істі қозғамай отырғанын айтып, әлеуметтік желі арқылы көпшіліктен көмек сұрағаны есте. Артынша қоғам шулап, ананың жанайқайы Бас прокуратураға да жеткен еді.

Іске ОҚО ІІД мен ҚР Бас прокуратурасы араласқаннан кейін ғана қызды зорлады деп айыпталған 21 жастағы күдікті жігіт ұсталып, қамауға алынды.

Прокурорлар күдіктіні қамауға алып қана қоймай жәбірленушінің арызын тіркемей, ісіне салғырт қараған тергеушілерге қатысты да қылмыстық іс қозғаған. Сондай-ақ, тергеу аяқталмай жатып, күдіктіні "қорғаштап" сұхбат берген ауданның бас прокуроры да қызметінен уақытша шеттетілді.

Ал, кеше осы күдікке ілінген тергеушілердің ісін прокуратура ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігіне жолдапты. Бұл туралы шымкенттік заңгер, осынау істі алғаш болып әлеуметтік желі арқылы көтерген блогер Айгүл Орынбек мәлімдеді.

"Тергеушілерге қатысты қылмыстық істі, облыстық прокуратура жемқорлыққа қарсы күрес агенттігіне жіберді. Өйткені бұл іс тек тергеушілерге ғана емес, прокурорға қатысты болған соң аталған ведомствоға жолданды", - деп жазды заңгер өзінің Facebook-парақшасында.

Еске салайық, оқиға 10 мамыр күні орын алған болатын. Бәйдібек ауданының Шаян ауылында 14 жастағы оқушыны 21 жастағы күдікті мектептен ұрлап алып кеткен. Мұны көрген мұғалімдер дереу полицияға хабар беріпті. Тәртіп сақшылары араға 1 тәулік салып жоғалған қызды Шымкенттегі жалдамалы пәтерлердің бірінен тапты. Алайда, адам ұрланса да аудандық полиция бөлімінің мамандары қылмыстық іс қозғауға асықпаған. Қыздың анасы медициналық сараптама жүргізіп, оқушының зорланғанын дәлелдегеніне қарамастан полицейлер ананың арызын алмай, істі созбақтаған көрінеді. Тек әлеуметтік желідегі мәлімдемеден кейін ғана ОҚО ІІД мен ҚР Бас прокуратурасы іске араласып, күдіктіні қамауға алды. Ол енді адам ұрлағаны және кәмелетке толмаған қызды зорлағаны үшін сотталуы мүмкін.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары