19.06.2017, 10:05

Жатақханада қайтыс болған студенттің достары ЖОО-дағы «дедовщина» туралы айтып берді

Алматыда Аграрлық университеттің жатақханасында қайтыс болған бірінші курс студенті Дидар Болысбектің өліміне қатысты сот отырысы басталды. Процесс барысында Дидардың курстастары жатақханадағы былықты жайып салды деп хабарлайды «Казинформ».

Сот процесін судья Арай Нұғманова жүргізуде. Мемлекеттік айыптаушы Аслан Әділханов болса отырыс барысында жалғыз күдікті Тойшыбек Асамовқа тағылған айыпты оқып шықты.

«Айыпталушы Тойшыбек Асамовтың тұрақты табыс көзі болмағандықтан, ол өзгелерді бопсалап келген. Ол 2-курста оқып жүріп 2017 жылдың 5 наурызында кешкі сағат 20:00-де бірінші курс студенттері - Нұрматпен, Оралбекпен, Құсайыновпен, Әмзехановпен, Мықтыбаймен, Әбдіхановпен, Манаповпен және Есетовпен кездесіп, 5 мың теңге талап еткен. Ақша бергісі келмеген студенттерге өзге жоғары курстың студенттерімен бірге күш көрсетіп, әлемжеттіп жасаған. 12 сәуір күні сағат 00:15-те екінші курс студенттері Несіпбай, Әлмұратов, Шайзада, Жақсылықов, Жапаров және бірінші курс студенттері арасында төбелес орын алды. Асамов төбелес кезінде Дидар Болысбекті бірнеше рет ұрған. Салдарынан бірінші курс студенті ес-түссіз құлаған. Сот-медициналық сараптама көрсеткендей, ауыр соққыдан жәбірленушінің жүрегі тоқтап қалған. Осы дерек бойынша, Тойшыбек Асамовтың үстінен ҚР Қылмыстық кодексінің 106-бабы 3-тармағы «Денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтiру» бойынша іс қозғалды», - деді прокурор сот отырысында.

Марқұмның әкесі Қайрат Нәбиев болса ұлының жатақханадан пәтерге ауысуға асыққанын айтып отыр. Бірінші курсты бітірісімен бөлек шығуды жоспарлап қойыпты. Бірақ, себебін айтпапты. Тек, Дидар мен Тойшыбек бір-бірімен дос екенін білемін дейді ол.

Ал, аграрлы университеттің бірінші курс студенттері болса сот отырысында жатақханадағы былыұты жайып салды.

«Біз оқуға түскеніміз сол еді, екінші курс студенттері бізді жинап алып, қалыптасқан "жүйе" туралы түсіндірді. Кімге қанша ақша беру керектігін айтты. Соңғы рет бізден 5 мың теңгеден жинады. Ақша бергісі келмеген Камалдың бөлмесіне олар басып кірді. Бірақ, біздің көп екенімізді көргеннен кейін кетіп қалды. Кейінірек естігеніміздей, жоғары курстың 300-дей студенті жиналып, бізді қоршауға алды. Алдымен Досбол Дидарды ұрды. Ол кереуетке құлағаннан кейін Асамов оған тағы бір соққы жасады. Дидардың қайтыс болғанын білген кезде ол жедел жәрдем шақырды», - деді бірінші курстың студенті Дархан Нұрмат.

Тойшыбек Асамовтың өзі болса тағылған айыптардың ешбірімен келіспейтінін айтып отыр.

Еске салайық, 17 жастағы тараздық студенті Дидар Болысбек Қазақ Ұлттық аграрлық университетінің жатақханасында 12 сәуір күні өлтірілген болатын. Полицейлер осы іске қатысы бар деген күдікпен алғашқыда 10 баланы ұстаған. Алайда, іс сотқа өткенге дейін тек 1 ғана адам күдікті ретінде қалып отыр.