Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Ұлт Жоспары – «100 нақты қадам» бағдарламасы «2050-Стратегиясын» жүзеге асыру мен Қазақстан мемлекеттілігін нығайтуға бағытталған. Жоспарда мемлекет тарапынан қабылданған заңдардың үстемдігін қамтамасыз ету мәселелері қамтылды. Осыған байланысты бұл құжаттың 19 қадамы мемлекетіміздің сот-құқықтық жүйесін дамытуға арналды.
«100 қадам» Ұлт Жоспары реформасында сот жүйесіне баса назар аудару – бұл мемлекеттің одан әрі дамуындағы соттардың ерекше рөлін көрсетеді. Қазіргі уақытта сот төрелігін тиімділік деңгейі экономикалық, әлеуметтік, құқықтық және өзге де салаларын табысты жаңғыруын айқындаушы фактор болып табылады. Бұл бәсекеге қабілетті ұлтты дамыту үшін қажетті шарт. Бүгінде Жоғарғы Сотта жүктелген екінші институционалды реформаның барлық 11 қадамы заңнамалық тұрғыдан іске асырылуда. Яғни, Ұлт Жоспарында сот жүйесі бойынша бекітілген барлық жаңашылдықтар 2016 жылдан бастап іске асуда.
Қазақстан судьяларының VII съезіне қатысқан Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев сот саласында жабулы қазан астында қалған бірқатар түйткілді саралап бергені есте. Елбасы «қара қылды қақ жаратын» әділ, аузы дуалы алқабилердің азайып кеткендігін де жасырған жоқ.
Еске сала кетсек, ҚР Судьяларының VІ съезінде Елбасы судьялар қауымдастығы алдына бес міндет қойған болатын. Олардың арасында қылмыстық заңнамаларды жетілдіріп, сот өндірісін жаңа деңгейге көтеру, даулар мен тартыстарды шешудің баламалы амалдарын енгізу, азаматтардың кең ауқымына әділсот төрелігінің қолжетімділігін қамтамасыз ету шаралары бар. Төрт жыл ішінде сот жүйесіндегі реформалар осы талап пен міндетті атқара алды ма? Жасыратыны жоқ, соңғы жылдары халықтың сот билігіне деген сенімі азайып кетті. Неге? Бұл ретте Елбасы Н.Назарбаев аузы дуалы, данагөй билерімізді тілге тиек етіп, қазіргі судьяларға үлгі еткені жұрт жадында. Өйткені бұрынғы би де, қазіргі сот та – әділет жоқшысы болуға тиіс. «Адамдар өз мәселелерін шешу үшін айлап-жылдап билік дәліздерінде жүгіруге тиіс емес. Заң бұзылған жағдайда адам сотқа баруы тиіс және сол жерде өз құқықтары мен бостандықтары қорғалатынына сенімді болуы керек. Барлық өркениетті әлемде осылай. Демек, кез келген нағыз сот реформасының түпкі мақсаты – судьялардың адалдығы мен кәсібилігі, әділдік және әділ сотқа қолжетімділік болып саналатын тәуелсіз және сатылмайтын сот билігі. Судья – тек заңдылықтың үстем болуына жол ашушы ғана емес, ол қоғамдағы қайшылықтарды жоюға, адами қатынастарды үйлестіруге, азаматтардың өмірін сенімді әрі тұрақты етуге жауапты тұлға. Қазақ елінде бидің рөлі қашанда жоғары болған, ол дауласушы жақтарды бітістіріп, табыстырып отырған. Мұның тарихта керемет үлгілері бар. Төле бидің, Қаз дауысты Қазыбек бидің, Әйтеке бидің, Бұқар жыраудың және басқа да атақты билердің артында қалдырып кеткен ұлағаттарын оқыңыздаршы, қандай сөзбенен, екі жақты татуластырған. Негізіне келетін болсақ содан бері ештеңе өзгерген жоқ. Дегенмен елді тәртіпке үйрету керек. Мысалы, «Тура биде туған жоқ». Біз қазақпыз, туыс-туғанмен сыйласпай тұра алмаймыз, бірақ судьяда ағайын болмауға тиіс. Сол үшін мемлекет соттарды қолдап, қорғайды. Ал судьялар әркез әділ шешім шығарып, елді тәртіпке үйретуге үлес қосуы қажет», – деді Елбасы.
Дәл қазір республикада 3460 судья бар екен. Ел Президентінің мәліметінше, 2014 жылдан бастап соттарды қаржыландыру 3 миллиард теңгеге өсті және ағымдағы жылы оларға шамамен 30 миллиард теңге жұмсалған. Яғни, сот жүйесін реформалаудың негізгі мақсаты – тәуелсіз және сатылмайтын сот билігін қалыптастыру. Бұл жерде судьялардың адалдығы мен біліктілігі, сот төрелігінің әділеттігі мен қолжетімділігі маңызды. Ендеше, судьялардың жауапкершілігі орасан зор. Бір құмалақтың бір қарын майды шірітетіні сияқты, бір судьяның шалыс қадам басуы тұтас мемлекеттің имиджін түсіріп, қасықтап жиған абыройды шелектеп төгуі мүмкін.
Дегенмен, судьялар арасында да құқық бұзуға жол беретіндері жоқ емес. Тек былтыр бір жылдың өзінде 32 судья тәртіптік жазаға тартылса, тағы екеуі келеңсіз себептерге байланысты лауазымынан босатылған. «Өкінішке қарай, біздің азаматтарымыз іс жүзінде әділеттілік іздеп жоғары сот инстанциясына немесе прокуратураға шағымдануға мәжбүр.
Жиынға Жоғарғы соттың мамандандырылған сот алқасының төрайымы Айгүл Қыдырбаеваның айтуынша, еліміз тәуелсіздік алған уақыттан бері ұлттық сот төрелігі заң үстемдігін қамтамасыз етудің және қоғамдағы тұрақтылықтың сенімді кепілі болғанын және Қазақстан азаматтарының құқықтарын сот арқылы қорғау деңгейі халықаралық озық стандарттарға барынша жақындай түскенін, сондай-ақ «100 нақты қадам» Ұлт жоспарының аясында сот жүйесі айтарлықтай жаңғыртылғанын атап өтті. «Елбасы осы мәселеге ерекше көңіл бөліп келеді, ол бизнес субъектілерін, инвесторлардың құқықтарын қорғау және олардың тиімді қызмет атқаруына оңтайлы жағдай жасауда сот жүйесінің айрықша рөлін әрқашан назарда ұстап келеді», – деді ол.
Бүгінде сот ісін жүргізуді жеңілдету, сот төрелігіне қолжетімділікті кеңейту және кәсіпкерлікті қолдау үшін барынша тиімді жағдай жасауға бағытталған жұмыстар жүйелі түрде жүргізілу үстінде. Ең негізгі жаңашылдықтың бірі – инвестициялық даулар бойынша дербес сот алқасының құрылғаны. Сот сатыларын қысқартып, апелляциялық және кассациялық сатыдағы судьялардың жауапкершілігін арттыру арқылы инвесторлардың құқықтары мен заңды мүдделерін сапалы құқықтық түрде қорғауды басты назарға алу мәселесі де күн тәртібінде. Мамандар келтірген деректерге сүйенсек, 2016 жылдың басынан бастап қолданысқа енгізілген жаңа Азаматтық процестік кодекс заңды мүдделерді қорғау мен қалпына келтіру істерін біршама ілгері жылжытуға себепші болған екен. Аталмыш кодекстегі жаңашыл бағыттар соттар жұмысының тиімді болуына едәуір ықпал еткен. Сот төрелігінің ескі жүйесінде кейбір санаттағы істер жарты жылға дейін қаралып келсе, бүгінде олар ең көп дегенде 8 айдың ішінде шешімін таба бастаған. Азаматтық істердің 82 пайыздан астамы бір ғана сот отырысында, 10 пайызға жуығы екі, ал 59 пайызы жеңілдетілген іс жүргізу тәртібінде, яғни соттарға миллионға жуық процеске қатысушыларды шақырмай-ақ қаралатын болған. Жоғарғы соттың судьясы Гүлжан Әлмағамбетова кәсіпкерлік үшін жағдайларды жақсартуға бағытталған азаматтық процестік заңнаманың жаңашыл бағыттарына назар аударды. «Азаматтық процестік кодекске өзгерістер енгізу азаматтық істер бойынша сот төрелігін жүзеге асырудан құралатын міндеттер мен принциптерден тарайтын процестік заңнаманың мазмұнына қойылатын халықаралық стандарттардың талаптарына сай келеді», – деді. Сонымен қатар, Жоғарғы сот судьясы Мемлекет басшысы жуырда ғана азаматтық, процестік және банктік заңнаманы жетілдіру мақсатында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне азаматтық, банктік заңнаманы жетілдіру және кәсіпкерлік қызмет үшін жағдайды жақсарту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Заңына қол қойғандығын мәлімдеді. Осы заңға енгізілген түзетулерге сәйкес, жауапкерге және үшінші тұлғаларға талап қою арызының көшірмелерін және оған қоса берілген құжаттарды үш жұмыс күні ішінде жолдау немесе тапсыру міндеті сотқа жүктелетін болған. Ал бұрын мұндай міндет талап қоюшыларға жүктелген еді. Арызды электронды құжат түрінде берген жағдайда енді оның көшірмесін қоса беру қажеттілігі болмайды. Сонымен қатар, жауапкерлердің талап арызға пікір беру мерзімі талап арыздың көшірмесін алған күннен бастап 10 жұмыс күніне дейін қысқартылған. Мұнымен қоса, істі сот талқылауына дайындау аяқталған күннен бастап 10 жұмыс күнінен кешіктірмей басталатын бірінші сот тыңдауының мерзімі заңнамалық тұрғыда бекітілген. Бұған дейін мұндай мерзім заң бойынша мүлдем анықталмаған.
Ұлт жоспарының 17-қадамы – бұл судья лауазымына іріктеудің тетіктері мен талаптарын күшейту. Бұл елімізде заңның үстемдігін қамтамасыз етуге, оның ішінде еліміздегі сот қызметінің беделін көтеруге, судьялардың қызметіне деген халықтың сенімін арттыруға, сонымен қатар, судья лауазымына кандидаттарды іріктеу талаптарын қатайтуға бағытталып отырғанын көрсетеді. Судьялыққа үміткерлердің бұл жауапты қызметке 30 жастан бастап кірісуін белгілеу, сот істерін жүргізуге қатысудағы 5 жылдық өтілі болуының, кәсіби дағдысы мен іскерлігін тексеру үшін ахуалдық тестілер жүйесін енгізу, судьялыққа үміткерлердің соттарда стипендия төленетін бір жылдық тағлымдамадан өтуі, одан соң судья бір жылдық сынақ мерзімінен өтуі қажеттілігі қарастырылған. Судья лауазымына үміткерлерге қойылатын жаңа талаптардың күшейтілуінің түпкі мақсаты – судьяларды тағайындау, судьялардың тәуелсіздігін қамтамасыз ету және олардың жауапкершілігін көтеру арқылы болашақта сот корпусының сапалы құрамын жақсарту. Стратегиялық жоспарда көрсетілген сот билігінің халық үшін ашық әрі қолжетімді болуы, судьялардың есеп беру тәртібін күшейту, барлық сот процестеріне үн-бейне жазба құрылғыларын қолдануы, алқабилер соты қолданылатын салаларды кеңейту – соттардың халыққа бір қадам жақын болуы бағытында жасалып жатқан маңызды шаралар. Бұл жоспар біліктіліктің, елдің ертеңі, халықтың тағдыры үшін жауаптылықтың, көрегендіктің айғағы, негізгі мақсаты аурулардың сыртқы белгілерін сылап-сипап қою емес, оларды жүйелі емдеуге бағытталған.
Ұлт жоспарының қоғамда заңның үстемдігін қамтамасыз етуге бағытталған бөлігінде мемлекетіміздің сот жүйесін реформалауға қатысты өзекті мәселелер қамтылған. Оны жүзеге асырудың бірден-бір айғағы – сот жүйесінің халыққа қолжетімді болуы, қоғамның сот қызметіне деген сенімін арттыру. Бұл мәселеге Елбасының да ұдайы көңіл бөліп отыруы судьяларға үлкен жауапкершілік жүктейді.
Д.Мыңжасарқызы