Шымкент қаласының полицейлерімен «Қауіпсіз қала» жедел алдын алу іс-шарасы барысында 9 қылмыстық топ ұсталып, 73 қылмыс ашылды. Бұл туралы ОҚО ІІД-нің баспасөз қызметі хабарлап отыр.
Шымкент қаласының жер көлемі артуымен, халық саны да өсті. Осыған сәйкес қылмыс санының артуы да қалыпты жағдай. Десек те қала аумағында тіркелген бөтеннің мүлкін ұрлау қылмыстары өткен жылмен салыстырғанда 12,5 пайызға төмендеген.
Қала аумағында бөтеннің мүлкін ұрлау қылмыстарының алдын алу, болдырмау мақсатында 2017 жылдың 7-13 шілдесі аралығында «Қауіпсіз қала» жедел алдын алу іс-шарасы өткізілді. Іс-шара барысында 9 қылмыстық топ ұсталып, 73 қылмыстың беті ашылған. Оның ішінде пәтер ұрлығы, автокөлік бөлшектерін және автокөліктерден заттар ұрлау, тонау, алаяқтық сынды қылмыс түрлері бар.
Мәселен, пәтер ұрлығына қатысты 1983, 1979, 1982 , 1991 ж.т. Тараз, Қызылорда, Шымкент қаласы тұрғындарының басқаруындағы қылмыстық топтар ұсталған. Олардың қала аумағындағы жалпы 46 пәтер ұрлығына қытыстылығы анықталған.
Аталған жайттар бойынша ҚР ҚК 188-бабы «Ұрлық», 190-бабы «Алаяқтық», 191-бабы «Тонау» қылмыстық іс қозғалған. Қазіргі таңда тергеу амалдары жүргізілуде. Күдіктілер қамауда.
Тәртіп сақшылары өзгенің қылмыстық құрбаны болмау үшін, тұрғындарға сақтық шараларын таныту керектігін түсіндіреді: өзінің мүлкіне мұқият болу, пәтердің есік-терезесін ашық қалдырмау, үйдің терезелеріне қорғаныш торлар мен дабыл қондырғыларын орнату, ақша және бағалы заттарды сенімді жерге сақтап қою, сонымен қатар үйге бөгде адамдарды кіргізбеу. Автокөлік есіктерін бекітіп, дабыл жүйесін қосуды, автокөлігін сенімді автотұраққа қою керектігін ескертеді.