Целиноград прокуратурасының алдында оқ атып, кейін өзіне қол салған Өмірбек Жампозов ісі бойынша сот ісі қайта басталды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Бір топ тұлға Преображенский су торабын қайта жөндеуден өткізу бойынша бөлінген мемлекеттік қаражатты ысырап қылды деген күдікке ілінген.
"ҚР ҚПК 385-бабына сәйкес мәселелерді шешу үшін сот талқылауы қайта басталады. Сот тергеуі де қайта жүргізілуде. Келесі отырыс 31 шілде күні, 10 сағатта өтеді", — деп хабарлады Целиноград аудандық сотының төрағасы Төлеген Турғанбаев.
Еске салайық, қанды оқиға 20 шілдеде орын алған болатын. 61 жастағы Ө.Жампозов аудандық прокуратура ғимаратына аңшы мылтығымен келіп, прокурор мен ІІБ қызметкерін атып салған. Мұнан соң ол саяси қуғын-сүргін құрбандарына арналған кешеннің жанына барып, өзін атып өлтірді.