Бұл туралы бүгін Мәжілісте өткен Үкімет сағатында ҚР Ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымов баяндады. Айта кетейік, жиынға Парламент Мәжілісінің вице-спикері Владимир Божко төрағалық етті.
Алқалы жиындағы әңгіме ауаны «Бас бостандығынан айыру орындарынан босатылған және пробация қызметінде есепте тұрған азаматтарды әлеуметтік оңалтудың 2017-2019 жылдарға арналған кешенді стратегиясын іске асыру бойынша Ішкі істер министрлігі мен жергілікті атқарушы органдар қабылдайтын шаралар туралы» тақырыбы аясында өрбіген еді.
Еске салайық, Мемлекет басшысы Қазақстанның дамыған 30 елдің қатарына кіруі үшін қылмыстық-атқару жүйесін жетілдіруді үкіметке қатаң тапсырған болатын. Яғни, еліміздегі түрмелерде сотталушылардың құқықтары бұзылмауы тиіс. Қазіргі таңда қылмыстық-атқару саясаты және жазаларды орындауды ұйымдастыру ісі жетілдірілуде. Сондай-ақ, халықаралық практикалар жіті сараланып, Қазақстандағы қылмыстық-атқару жүйесі өзінің негізгі тұжырымдамалық бағыттарын жасақтады.
«Соңғы екі жыл ішінде біздің еліміз Қылмыстық, Қылмыстық-процестік, Қылмыстық-атқару кодексі мен «Пробация туралы» Заңды және басқа да нормативтік құқықтық актілерді қабылдай отырып, қылмыстық заңнаманы ізгілендіруге және қоғамнан оқшаулаумен байланысты емес қылмыстық жазалауды қолдану саласын кеңейтуге күш салуда. Мұның бәрі де Елбасымыз айқындап берген «100 нақты қадам» Ұлт жоспарының аясында жүзеге асырылуда», деді отырысты ашқан В.Божко.
Одан кейін сөз алған Ішкі істер министрі Қ.Қасымов өзі жетекшілік ететін ведомстводағы жұмыс жайын баяндады. Оның айтуынша, соңғы жылдары елімізде темір тордың ар жағын отырғандар саны едәуір азайған. Айталық, 2011 жылы 57 мың болса, қазіргі көрсеткіш 35,5 мың адамды құрайды.
«Болашақта қылмыстық жазалау шаралары бойынша сотталғандардың теңгерімі өзгеруі тиіс. Бас бостандығынан айыруға сотталғандар аз болады да, ал пробация қызметі мен полиция бақылауындағылар саны көбейеді деп жоспарлануда», деді министр өз баяндамасында.
Бұл Қазақстандағы пробация қызметінің жүйелі түрде қолға алынуымен тікелей байланысты. Бүгінде пробацияның толық циклы заңнамалық тұрғыда қалыптастырылған. Егер бұрын бізде пробацияның үкімдік және постпенитенциарлық деген екі үлгісі жұмыс істесе, биылғы қаңтардан бастап «Пробация туралы» Заңмен сотқа дейінгі және пенитенциарлық деген екі қосымша үлгісі енгізілгенін айтқан Қалмұхамбет Нұрмұхамбетұлы пробациялық құрылғы қолданысының үш негізгі тетігін түсіндіріп берді.
«Оның алғашқысы – сотқа дейінгі пробация деп аталады. Ол осал топтағы күдікті және айыпталушы адамдарға, кәмелетке толмағандарға, әйелдерге, жүкті әйелдерге, 3 жасқа дейінгі балалары бар әйелдерге және басқа санаттағы азаматтарға әлеуметтік-құқықтық көмек көрсету мақсатында қолданылады. Ал екіншісі – үкімдік пробация. Бас бостандығын шектеу түріндегі жазаны өтеп жатқан адамды тұрғылықты жері бойынша, сондай-ақ шартты сотталғандарды сынақ мерзімі кезінде пробациялық бақылауды жүзеге асыруды көздейді. Пробация қызметінің міндеті бұл жағдайда осы адамдардың үкімде көрсетілген сот ұйғарымдарын орындауларын қамтамасыз ету болып табылады. Мысалы, тұрғылықты жерін ауыстырмау, белгілі бір жерлерге бармау, емделуден өту сынды шектеулер болуы мүмкін. Соңғысы – пенитенциарлық пробация. Оған жазаны өтеу мерзімі аяқталғанға дейін бір жыл мерзімі қалған сотталғандар жатады. Тәрбие жұмыстары жүргізіледі, тұрғылықты жері, жұмысы, туыстық, әлеуметтік байланыстарын қалпына келтіру, сондай-ақ әлеуметтік қызметтер алу қажеттілігі туралы ниеті анықталып, жиынтық мәліметтер мүдделі мекемелерге ақпарат ретінде ұсынылады», деді Қ.Қасымов.
Жалпы елімізде еңбек етуге жарамды сотталғандардың 68%-ы бүгінгі таңда ақылы жұмыспен қамтамасыз етілген. Бұл бас бостандығынан айырылған азаматтардың түрлі талап арыздар бойынша төлем жүргізуіне (залал, алименттер, айыппұлдар), отбасыларына көмек көрсетуіне мүмкіндік береді. Осы шаралардың барлығы (білім беру, жұмыспен қамту) босатылатын сотталғандардың қоғамда одан әрі постпенитенциарлық бейімделуіне дайындалуға оң әсерін тигізетіні сөзсіз.