$ 494.87  520.65  4.91

Алматыда қырғыз депутатының ұсталған сәті түсірілген видео жарияланды

КТК телеарнасы контрабандамен айналысты деп ұсталған күдіктілер жайында сюжет көрсетті. Күдіктілердің ішінде қырғыз парламентінің депутаты да бар.

Сюжетте қырғыз саясаткерін Алматыдағы мейрамхананың бірінде ұстағаны айтылады. Онда ол Бішкектен келген кәсіпкер досы Уланбек Мурадиловпен бірге болған. Олармен бірге қазақстандық шекарашы Емелбек Кочарбаев та болған.

«Жасырын камерадағы әңгімелеріне қарағанда, қытайлық тауарды контрабанда арқылы Қазақстанға жеткізуді бұрыннан білетін сияқты. Дамирбек Асылбек уулу қазақстандық шекараны бақылауға алған жетістігі үшін мақтанып отыр», - дейді тілші.

КТК мәліметінше, қылмыстық топтың өкілдерінің шекарада өткізу бекеттерінде өздерінің адамдары бар. Егер бизнесмендер оларға төлеуден бас тартса, тауар шекарада тұрып қалады немесе жоғалады екен.

«Көлеңкелі ақшаға зәулім үйлер салған, қымбат көліктер сатып алған. Кейбірі тіпті сәйгүліктерге арналған атқора да салған. Іс материалдарына қарағанда, Дамирбек Асылбек уулу контрабандалық құрылымды басқарған. Оның құрамында кеденшілер, шекарашылар және Қазақстан мен Қырғызстаннан қарапайым жұмыссыздар да болған», - деп хабарлайды телеканал.

«Асылбек уулуның екі елдің азаматтығы не үшін керек болғаны қазір анықталып жатыр. Оны ұстаған кезде, одан 92 мың АҚШ доллары табылған. Бұл ақшаны ол контрабандалық тауарды өткізіп бергені үшін кәсіпкерлерден алған», - делінген сюжетте.

15 және 16 ақпанда Қазақстанда арнайы операция кезінде 29 адам ұсталған. Олардың ішінде Қырғызстанның үш азаматы болған. Бірі парламент депутаты Дамирбек Асылбек уулу.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары