11.03.2018, 05:05

Сарапшы: «Ақтөбедегі полиция өлімі суицид емес, теракт болуы мүмкін»

Танымал заңгер, Қазақстан президенттігіне екі рет кандидат болған Сәлім Өтен биыл Ақтөбе әкімдігінде болған полиция өліміне қатысты өз зерттеуін жүргізіп жатыр. Тергеу органдарында үлкен тәжірибесі бар сарапшы кіші лейтенанттың суицид жасағанына сенбейді деп жазды "Актобе Таймс" газеті.

Ресми мәліметке сәйкес, мамандандырылған күзет қызметінің 34 жастағы инспекторы Байбек Қарымсақовтың мәйіті 8 қаңтар күні қала әкімдігі ғимаратының алдындағы дүңгіршектен табылған. Полицейлер оның табельді тапаншадан атылып өлгенін айтып отыр. Оқ бас сүйектің екінші жағын тесіп өтіпті.

"28 ақпанда мен Астанадан Ақтөбеге келдім. Келесі күні тергеу басқармасының басшысымен кездестім. Тергеушінің көзінше маған оқиға болған орынды, дүңгіршекті көрсетулерін талап еттім", - дейді ол.

Көріп болғаннан кейін заңгер мынадай қорытынды шығарыпты: дүңгіршекті өлімнен кейін ауыстырмаған және қайта жөндемеген. Ешқандай қанның ізі жоқ. Бірақ, мұндай оқиғадан кейін дүңгіршектің іші қанға боялуы керек дейді Сәлім Өтен, әсіресе қабырғада және басы құлаған үстелдің үстінде және еденде. Тіпті, әбден тазалап жуған күннің өзінде міндетті түрде із қалады екен. Оның ешбірі жоқ.

Сәлім Сағындықұлына тергеуші марқұмның басын тесіп шыққан оқтың дүңгіршек қабырғасына тиген ізді көрсетіпті.

"Жарайды, дүңгіршекке тиген оқтың ізін іздейік дедім мен тергеушіге. Ол маған өте кішкентай бір тесікті көрсетті. Мен айтамын, бұл масаның тескен ізі болар, оқ былай теспейді деп. Менің ойымша, ол тесікті әдейі пышақпен тескендей. Оқ тессе басқаша болады. Кейін тергеуші дүңгіршектің сырт жағынан шығып, қабырғадан тесіп шыққан ізді көрсетті", - дейді заңгер.

Мұнан кейін Сәлім Өтен қолына сызғыш алып, оқтың дүңгіршек қабырғасына кірген жері мен шыққан жерінің аралығын өлшеген. Сөйтсе, сыртқы тесік 4 сантиметр жоғары орналасқан екен. Яғни, бұл оқтың ізі емес екені анық.

Тіпті, дәл осы тесіктен ұшып шықты деген күннің өзінде оқ сыртта тұрған ағашқа тию керек еді немесе оның қабығын жанап із қалдыруы тиіс. Алайда, ІІД қызметкерлері ізді де, оқтың өзін де таппаған.

"Сіздер оқты табуға міндеттісіздер. Оны таппайынша сіздер суицид болды деп шешім шығара алмайсыздар. Оқтың табельді тапаншадан атылғанын дәлелдей алмайсыздар дедім тергеушілерге. Олар маған гильзаның табылғанын айтты. Бірақ, гильза суицидтің дәлелі емес. Бәлкім Байбек Қарымсақов өзіне жасалған шабуылға тойтарыс беру үшін атысқан шығар? Бәлкім ол кезде теракт болған шығар", - дейді Сәлім Өтен.

Заңгердің пікірінше, полицейді біреу қасақана өлтірген және ол дүңгіршектің ішінде болмаған.

"Менің түсінбегенім, мәйітті ІІД-нің аспазы тауып алыпты. Ол дүңгіршектің есігі ашық тұрғанын айтқан. Алайда, сол күні аяз еді. Бәлкім Қарымсақовқа әріптесі келіп, әзілдеп тапанша тақап, байқаусызда атып жіберген шығар? Күн суық болғандықтан қолында қолғабы болғаны сөзсіз", - деп өз болжамын айтты ол.

Сәлім Сағындықұлының пікірінше, полицияның кісі өлтіру дерегін қасақана жасыруына бірнеше себеп болуы мүмкін.

"Тіпті, егер оны байқаусызда өлтіріп алған күннің өзінде арты үлкен шуға ұласар еді. Екіншіден, материалдық шығыны да үлкен. Егер Қарымсақов қызметте қаза тапса, оның отбасына материалдық көмек көрсетілуі тиіс. Балаларын 18-ге толғанға дейін асыраулары керек. Егер, оқуға түссе оқуын бітіруіне көмектеседі. Егер оқуды бітіріп, әскерге барса, келгеніне дейін жағдай жасаулары керек", - дейді заңгер.

Айта кетейік, бұған дейін Байбек Қарымсақовтың жесірі күйеуінің суицид жасауы мүмкін еместігін айтқан болатын. Тіпті, жасаған күннің өзінде басшылығы итермелеген болуы мүмкін деген болжамын айтты ол.