28.06.2015, 18:00

Құрдасын 70 мың тегеге сатқан келіншек ұсталды

Алматы облысы Іле ауданының 31 жастағы тұрғыны өзімен түйдей құрдас келіншекті 70 мың теңгеге сатып жіберген.

Бұл туралы қалалық ІІД баспасөз қызметінен хабарлады.

Қылмыскер ақшасын алып жатқан жерден ұсталды. Жанды тауарға айналған келіншек Тараз қаласынан күнкөріс қамымен келген.

Полиция қызметкерлері анықтағандай, оған дейін Іле ауданының тұрғыны келіншекті бопсалап, ақылы түрде жыныстық қатынасқа түсуге мәжбүрлеген.

«Зорлық құрбаны болған келіншек қазір тиісті арызды жазды. Оның айтуынша, күдікті оны қалаға алдап шақырған. Ұзақ уақыт ішімдікке тойдырып, мәжбүрлі түрде жыныстық қызмет көрсетуге итермелеген. Қазір жапа шеккен келіншек халықаралық ұйымдардың бірінде оңалту шараларынан өтіп жатыр», - деді қалалық ІІД Ұйымдасқан қылмыспен күрес басқармасының басшысы Таңат Назанов.

Аталған дерек ҚР ҚК 128-бабы бойынша сотқа дейінгі тергеудің бірегей тізіліміне тіркелді.