$ 494.87  520.65  4.91

Сайрам ауданының прокуратурасы сыбайлас жемқорлыққа қатысты бірнеше фактіні анықтады

Ақсукент ауыл округі әкімі аппараты ҚР «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы» Заңы талаптарының бұзылуына жол берген.  Бұл Сайрам ауданы прокуратурасының тексеру нәтижесінде анықталған.  Жуырда аудандық прокуратура Сайрам ауданының әкіміне заң бұзушылықтарды жою туралы ұсыныс  жолдады.

Прокуратура ұсынысына сүйенсек, Ақсукент ауыл округі әкімнің орынбасары Б.Ордабеков  құзыреттік шегінен шығып, 90 тұлғаның жер учаскелеріне қатысты нотариалдық іс-әрекеттерін жүргізуге шектеу қойған. Ол азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделерін іске асыруда көрінеу кедергі жасаған. ҚР «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы» Заңының 12-бабының 1-тармағы 12) тармақшасында мұндай әрекеттер сыбайлас жемқорлыққа жағдай туғызатын құқық бұзушылық санатына жатқызылған.

Прокуратура аудан әкіміне жолдаған ұсыныс хатта жер учаскелеріне заңсыз қойылған шектеулерді алу және Б.Ордабековті сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы заңнамаға сәйкес тәртіптік жауапкершілікке тарту мәселесін қойған. Аудан әкімдігі бұл ұсынысты заңда белгіленген тәртіппен қаралу үшін Ақсукент ауыл округінің әкіміне жолдаған.

Алайда Ақсукент ауыл округі әкімінің міндетін атқарушы Е.Төлебаев Б.Ордабековтің  жер учаскелеріне тыйым салу іс-әрекеттерін сыбайлас жемқорлық санатындағы заң бұзушылықтарға жатқызбай, оған  «қатаң сөгіс» түріндегі тәртіптік шара көрген. Бұл туралы аудан әкімі аппаратына мәлімет берген. Демек, Ақсукент ауыл округі әкімінің міндетін атқарушы Е.Төлебаев заң бұзушылықтарға жол берген әкімнің орынбасары Б.Ордабековті сыбайлас жемқорлық санатындағы жауапкершіліктен босатқан.

«ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» Кодексінің 680-бабына сәйкес  лауазымды тұлғалардың сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтар жасауға кiнәлi, өздерiне бағынысты адамдарға қатысты өз өкiлеттiктерi шегiнде шаралар қолданбауы не көрсетілген шараларды сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы заңнаманы бұза отырып қолдануы не кiнәлi тұлғалардың тұрғылықты жерi бойынша мемлекеттік кіріс органдарына тиiстi ақпаратты ұсынбау әрекеттері үшін әкімшілік жауапкершілік көзделген. Осыған сәйкес Сайрам аудандық прокуратурасы Ақсукент ауыл округі әкімінің орынбасары Е.Төлебаевтың үстінен ҚР ӘҚБтК-нің 680-бабымен әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс қозғап, ол Сайрам аудандық сотына жолданған.

ОҚО прокуратурасының баспасөз қызметінің мәлімдеуінше, Сайрам аудандық соты Е.Төлебаев кінәлі деп танып, оған 100 АЕК мөлшерінде айыппұл салды. Қаулы күшіне еніп, құқық бұзушы 198 200 теңге мөлшерінде айыппұл төлеген.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары