Жеткіншектің өлімі үшін күтуші жалғыз жауап бермейтін болды! Мүгедек баланың мәйіті шыққан Талғардағы балалар интернаты қызметкерлеріне қатысты қылмыстық іс қозғау туралы адвокаттың өтінішін судья бүгін мақұлдады. Өйткені, тәрбиешілердің жаппай жабық мекемедегі жарымжан балаларды ұрып-соғады деген күдік бар деп мәлімдеді КТК телеарнасы.
Ал 8 жасар Мұхамеджанды байлап өлтірді делінген күтушіге мемлекеттік айыптаушылар бақандай 15 жыл сұрап отыр. Жалғыз ұлынан айырылған ата-ана болса әйелден 30 миллион теңге талап етті.
Мүгедек баланың өліміне қатысты процеске қатысқандар сот залына емес, қорқынышты киноға келгендей болды. Өйткені, интернатта болған түн ішіндегі жағдай экранда көрсетілді. Мұхамеджанды қалай байлағанын бүге-шүгесіне дейін күдіктінің есінде. Қуыршақты жаялықпен мойнынан бұрап, төсектің иін теміріне таңып тастаған келіншек, баланы шұлықпен төсекке қалай байлағанын да көрсетіп берген. Алайда, көп ұзамай ол сөзінен таңып, тек қолынан ғана орадым деп отыр.
Десе де, сот сарапшысы баланың мойнынан қылқынып қалғанын растады. Одан басқа, мәйіттен ұрып-соққан іздер анықталған. Оны таяқтамадым деп сотта көз жасын көлдеткен келіншек бұл жолы мекемедегі сұмдықты жайып салды. Оған ауру балаларды төсекке таңып тыныштандыруды әріптестері үйретіпті. Азапты әдістер мұнымен бітпейді екен. Жалымова жылап қоймаған балақайларға жындыхана көйлегін кигізетіндерін де айтты. Мұны естіген директордың төбе шашы тік тұрды. Ол өзі жұмыс істеген 2 жылдан бері мұндай көйлектің бар екенін көрмек түгілі естімегенін айтып отыр.
Жалпы, интернаттағы дауға байланысты тағы да іс қозғалатын болды. Ал баласын емдеуге беріп, мәйітін алып қайтқан ана күдіктіден 30 миллион теңге талап етті. Ал мемлекеттік айыптаушы болса, әйелді 15 жылға бас бостандығынан айыруды сұрады. Прокурордың бұл өтініші сотталушының өзін де, туыстарын да есеңгіретін тастады.
Күдіктінің өзінің де үш баласы барын айта кетейік. Үкім екі күннен кейін белгілі болады.