$ 494.87  520.65  4.91

«Кімнің пышақтағанын көрген жоқпын»: Жанар Толыбаева сотта сөз сөйледі

Жанар Толыбаева Денис Теннің өлімі бойынша өтіп жатқан сот отырысында куәлік берді деп жазады Tengrinews.kz.

Толыбаеваның айтуынша, ол 15 шілдеде еңбек демалысы кезінде Алматыға екі айға келген. Қалаға келе салысымен Жайна Ізтілеуовамен хабарласып, бірге пәтер іздемекші болған. Құрбысы болса сол кезде Нұралы Қиясовқа хабарласқан, сөйтіп барлығы Қиясовтың үйіне барған.

«Келесі күні мен кафеде жұмыс іздей бастадым, ал 17 шілдеде Астанадан Арман келді. 18 шілдеде Манзура келді, Арман мен Нұралыны учаскелік полицейлер алып кетті. Кейінірек моншаға кеттім, сол жақта маған Арман хабарласып, басқа пәтерге алып кетті. 19 шілдеде түске таман тұрдық, себебі жігіттер таңға жуық келген еді. Пәтерден шығып, көлікке отырып, жүріп кеттік. Сосын Арман қолғапты шығарды, Нұралыға ақ көлікті көрсетті де былай деді: «Осы көліктен бастаймыз», – деді Жанар Толыбаева. 

Қыз бала көлік тонауға қатысқысы келмегенін айтты. Сол себепті ол сотталушылардан басқа бағытта жүрген. Спорт алаңына жақындаған уақытта оның жанынан адамдар өткен, оның арасында Денис Тен де болған. 

«Бір жағынан Арман мен Нұралының не істемекші болып жүргені қызық болды. Телефонға қарап, оларға бір қарап отырдым. Бір қарағанымда Арманның қашып бара жатқанын көрдім, оның артынан 2-3 метр жетпей Денис жүгіріп бара жатты, ал Нұралы болса 7-8 метр кейін жүгіріп бара жатты. Мен дереу басқа жаққа кеттім. Мен кімдердің төбелесіп жатқанын көрмедім. Бір сәтте ақ жейде киген жігіттің отырып қалғанын көрдім. Арман мен Нұралы саябаққа қарай жүгіріп кетті. Біршама уақыттан соң Арман қоңырау шалып, көлікке жақындауымды сұрады», – деді Жанар. 

«Көлікте Нұралының қолы жараланғанын көрдім. Олар сөйлесіп отырды. Дәл білмеймін, бірақ, менің ойымша Нұралы былай деді: «Өлмейтін шығар?». Сосын біз Шаңыраққа (ықшамаудан) қарай бардық. Онда Сұлтан Нұралыға айғайлай бастады, неліктен үйге қонбайсың, неге көлікті сұраусыз жүргізесің деп. Қамшымен ұра бастады. Сосын маған ұрыса бастады, «неге бұлармен жүрсің, неге үйге келмедің» деп. Маған басқа пәтер іздеуімді өтінді», – деді қыз бала. 

Осыдан кейін сотталушы Жайна Ізтілеуованың достарымен бірге Қапшағайға бару туралы ұсынысын қабылдаған. 

«Мен сонда жүргенімде Арман маған қоңырау шалып, жігіттің қайтыс болғаны туралы айтты. Менің ауылға кетіп қалуымды өтінді. Мен қарсылық білдіргенімде ол былай деді: «Бір жағдай болып жатса, біз таныс емеспіз». Таңда мен Арман мен Нұралының іздестіріліп жатқанын білдім. Қалаға келгенімде Нұралының ұсталғанын естідім, ал Арманды іздестіріп жатыр екен. Сұлтанның үйінде болғанымда (заттарымды алып кетуге келгенмін) Арманға қоңырау шалдым. Ол қаладан кетіп бара жатқанын айтып, телефонын сөндіріп тастады. Сосын Нұралының ағасы келіп бізді алып кетті. Рысқұлов көшесінде бізді тоқтатып, ұстап алды», – деді ол.

Осыдан кейін Жанар Толыбаева полицейлерге Арманды ұстауға көмектесуге келісім берді. Осы кезде Құдайбергенов өзі қызға хабарласқан, полицейлер оның қайда екенін анықтап, ұстаған. 

«Келесі күні мені қол қоюым үшін полицияға шақырды. Мен сонда барғанымда, қайта жібермеді. Мен аса ауыр қылмыс көрдім деп айта алмаймын. Мен тек ұрлықты көрдім. Мен ол туралы ештеңе айтпадым, осыны мойындаймын. Мен кімнің пышақтағанын көрген жоқпын», – деп түсіндірді қыз бала. 

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары