Астана қалалық сотының апелляциялық алқасы бизнесмен Қайрат Жамалиев пен оның жүргізушісі Анатолий Прибытковке және серігі Арман Әбілтаевқа шыққан үкімді өзгертпеді. Бұл жайлы Астана қалалық сотының баспасөз қызметі хабарлады, деп жазады Nur.kz.
Астана соты 7 тамызда қала тұрғыны, 24 жастағы Әліби Жұмағұловтың шағымы бойынша жергілікті ірі кәсіпкер Қайрат Жамалиевті қылмыстық кодекстің «адамды заңсыз бас еркінен айыру», «ірі көлемде бопсалау» және «жыныстық сипаттағы күш қолдану» баптары бойынша айыпты деп танып, 13 жылға бас еркіндігінен айырып, бүкіл дүние-мүлкін тәркілеуге үкім еткен. Ол жазасын қатаң тәртіптегі колонияда өтейді.
Жамалиевпен бірдей айып тағылған тағы бір сотталушы Арман Әбілтаевтың да мүлкі тәркіленіп, өзі 12 жылға сотталған. Ал Жамалиевтің көлік жүргізушісі, «бопсалау» және «адамды заңсыз бас еркінен айыру» айыптары тағылған Анатолий Прибытков сегіз жылға түрме жазасына кесілген. Айыпкерлердің үшеуі де сот процесі кезінде өздеріне тағылған айыптарды жоққа шығарған.
Сәуір айында Астана тұрғыны Нұрлан Жұмағұловтың ұлы Әлібидің аяусыз соққыға жығылғанын айтып, әлеуметтік желіге ұлының видеосы мен суреттерін жариялап, көмек сұраған жазбасы қоғамда наразы пікірлерге ұласып, жұртшылық бұл істің «коррупциясыз» тексерілуін талап еткен еді. Бұл оқиғаға байланысты қозғалған қылмыстық істі қарау барысын ішкі істер министрі жеке өз бақылауына алғаны туралы хабарланған.