Атырау қаласының әуежайында байқаусызда әйел адамды атып алған полиция сержанты Мамбетияров қызметінен қуылды. Бұл туралы бүгін Нұр-Сұлтан қаласында өткен брифингте Көліктегі полиция департаментінің басшысы Аманжол Қабылов мәлімдеді.
Сонымен қатар, Мамбетияровтың тікелей басшысы да лауазымынан босатылса, тағы бірнеше полицей қатаң тәртіптік жауапкершілікке тартылды.
«Атырау станциясындағы желілік полиция басшылығына жәбірленуші Наталья Дажукке қажетті көмек көрсету тапсырылды», - деді А.Қабылов. Оның айтуынша, оқ тиген әйелдің жағдайы қазір жақсы, оны бүгін ауруханадан шығаруы тиіс.
Қазіргі таңда шұғыл тергеу тобы өз ісіне салғырт қараған полицейдің үстінен сотқа дейінгі тергеу амалдарын жүргізіп жатыр.
Еске салайық, 29 наурыз күні Атыраудағы халықаралық әуежайда полиция қызметкері банк инкассаторының қызметтік қаруын тексеру кезінде байқаусызда оқ атып жіберген. Салдарынан сол маңда тұрған әйел аяғынан жарақат алды.