Нұр-Сұлтан қалалық мамандандырылған әкімшілік сотының судьясы Әсия Досжанова «Настоящее время» арнасының журналисі Светлана Глушкованы әкімшілік кодекстің ұрып-соғу бабы бойынша кінәлі деп танып, 10 айлық есептік көрсеткіш шамасында - 25 250 теңге (66 доллар) айыппұл салды деп жазады Азаттық.
Глушкова 22 наурызда астанадағы митингіден хабар таратып жүргенде ұсталған. Оған әуелде тағылған «бұзақылық» айыбы кейін «ұрып-соғу» болып өзгерді.
31 наурыз күні Нұр-Сұлтан әуежайында ұсталған кезінде полиция қызметкерлері Светлана Глушкованың 22 наурыз күнгі оқиға кезінде «ұрды» деп шағынған адамның арызы бойынша әкімшілік сотқа тартылатынын айтқан.
Журналист Глушкованың соты кеше, 1 сәуірде басталды.
Сот басталғанда журналист пен оның адвокаты Бауыржан Азанов судья мен прокурорға сенімсіздік білдірген. Бүгін, 2 сәуірде әкімшілік сот төрағасы Глушкованың өтінішін қанағаттандырмады. Судья Досжановаға екінші мәрте қарсылық білдірген Глушкованы судья отырыс өтіп жатқан залдан шығарып жіберді.
Сондай-ақ бүгін, 2 сәуірде Глушкова өзін әуежайда ұстаған полицейлер толтырған 31 наурыздағы әкімшілік хаттама «қате және заңсыз» деп түсірген шағымданды. Судья Ұлдана Сүлейменова журналист шағымын қанағаттандырған жоқ.
«Настоящее время» (Азаттық пен «Америка дауысы» радиоларының бірлескен жобасы) журналисі Светлана Глушкованы мұның алдында да полиция қамап, соңынан босатқан. Биылғы 22 наурызда Нұр-Сұлтан және Алматы қаласында полиция адамдарды ұстаған кезде Азаттық радиосы мен «Настоящее время» тілшілеріне белгісіз адамдар кедергі жасап, Светлана Глушкованы полицейлер қамаған.
Глушковамен қатар қазір Ақтау сотында Азаттық тілшісі Сәния Тойкеннің апелляциялық шағымы бойынша сот өтіп жатыр. 12 наурызда Жаңаөзендегі жұмыссыздар наразылығынан хабар таратып жүрген оған Жаңаөзен соты «полицияға бағынбады» деп танып, 20 айлық есептік көрсеткіш (50 500 теңге, не 133 АҚШ доллар шамасында - ред.) көлемінде айыппұл салған.