Бүгін Алматы қалалық сотында алаяқтық жасады деп алты жылға сотталған әнші әрі сазгер Гауһар Әлімбекованың айыбы дәлелденбей, ақталып шықты. Сахнадағы әріптестері халықтан ақша жинап, оның бостандықта қалуына әрекет жасағанын білеміз. Өнер иесі өзінің Insta-stories-інде енді сол жиналған қаражатты халықтың өзіне қайтарып беретінін айтты.
«Халықтың ақшасының мен бір тиынын да алмаймын. Кім қанша берді, барлығы өздері қайтарып алады деп айтайын дегенмін. Мен халықтан бір тиын алуға хақым жоқ. Керісінше мен беруім керек", - деді халыққа алғысы шексіз әнші бейнежазбада.
Сондай-ақ, танымал әнші Алматыда қайырымдылық кешін өткізіп, көпшілікті концертке шақыратынын да айтып салды.
«Алла қаласа, Алматы қаласында үлкен бір қайырымдылық концерт жасап, дұғада болған халқымды шақырғым келеді. Халыққа ризамын. Сіздерге ризамын", - деп ағынан жарылды Гауһар Әлімбекова.
Айта кетейік, бұған дейін әлеуметтік желі қолданушылары ақша жинауда белсенділік танытқан танымал әнші Ақбота Керімбекованы «жиналған ақшаға баласын үйлендірді» деп айыптағанын, оған өнер иесі өзінің Instagram-парақшасында жауап бергенін жазған болатынбыз.