$ 498.34  519.72  4.85

Орал соты Сириядан оралған 19 жастағы азаматты 8 жылға қамауға үкім шығарды

Қазір Хамзулиновтің отбасы мүшелері түгел Қазақстанда тұрады. Қамауда отырған әкесінің үстінен терроризм мен экстремизм бабы бойынша іс қозғалған.
Фото: Alashainasy.kz
Фото: Alashainasy.kz

20 маусым күні Орал қалалық соты биыл қаңтарда Сирияда абақтыдан босап шығып, Қазақстанға оралған 19 жастағы Абай Хамзулиновке үкім шығарды. Сот оны террористiк топтың әрекетіне қатысу бабымен кінәлі деп тауып, 8 жыл түрмеге кесті. Бұл туралы «Уральская неделя» газеті хабарлады.

Тергеу мәліметіне қарағанда, Хамзулинов өздерін Ислам мемлекеті деп атайтын әсіреисламшыл радикалдар тобының қызметіне қатысқан. Басылымның жазуынша, сотталған азамат Қазақстанға жеткен бойда уақытша ұстау абақтысына қамалып, үстінен террористiк топтың әрекетіне қатысу бабымен іс қозғалған.

Судья Найля Жүнісова «Хамзулинов жазасын жалпы режимдегі түрмеде өтейді. Бұл – осы баптағы ең жеңіл жаза» деді. «19 жастағы жігітке осындай үкім кесуді жарыссөз кезінде прокурор да сұрап еді» деп жазады «Уральская неделя».

Басылым сотталған азаматтың туыстары сот үкімімен келіспегендерін жазады. Туыстары Хамзулиновке Қылмыстық кодекстің Террористік немесе экстремистік даярлықтан өту бабымен жаза кесуді сұраған. Хамзулиновтің әпкесі Сәуле Курьян «Абай ешбір терактіні ұйымдастыруға қатыспады. Тергеу мәліметтерінде оның Сириядағы әскери лагерьде болғаны ғана айтылады. Оны лагерьге баруға мәжбүрледі. Оның дайындықтан өткені рас, бірақ Абай терактілерге қатыспады» дейді.

Сотталған азаматтың туыстары сот шешіміне апелляциялық шағым түсірмек.

Газет «Хамзулиновті ата-анасы Түркияға 15 жасында әкеткен. Олардың Сирияға кетуіне әкесінің діни көзқарасы себеп болды. Хамзулиновтің әкесі жұбайы мен қызын Түркияда қалдырып, ұлымен бірге Сирия шекарасына өткен. 16 жасқа толғанда Абайды балаларға арналған әскери даярлық лагеріне әкетеді. Бір жылдан соң Абай ол жерден қашып, күрдтердің қолына түскен» деп жазады.

Қазір Хамзулиновтің отбасы мүшелері түгел Қазақстанда тұрады. Қамауда отырған әкесінің үстінен терроризм мен экстремизм бабы бойынша іс қозғалған.

Дереккөз: Азаттық

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары

Тегтер:

#Сирия #Орал