Қазақстандық шекарашылар Ресеймен шекарада салмағы 100 тоннаға жуық түсті металды (мыс) заңсыз түрде өткізбек болғандардың жолын кесті, деп хабарлайды Skifnews.kz.
ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитетінің шекара қызметі мәлімдегендей, Ақтөбе шекара отрядына қарасты «Жайсаң» (автомобильді) өткізу бақылау бекетінің бақылаушылары «Қарағанды - Орынбор» бағытында салмағы 100 тоннаға жуық түсті металл - мыс кесектерін жүк машинасына артып келе жатқан еліміздің бес азаматын ұстаған.
«Тексере келгенде жүкті өңдеуге, Қазақстан Республикасынан алып өтуге берілетін мемлекеттік лицензиясы болмай шықты», делінген хабарламада.
Жүктің алдын ала есептегендегі құны 120 млн. теңгені құрап отыр.
Алдын ала тергеуден кейін аталған жүк қаржы полициясының Ақтөбе облысы бойынша департаментіне берілді.