Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданының төрт тұрғыны қарақшылық жасағаны үшін 42 жылға сотталды, деп хабарлайды Skifnews.kz.
Алматы облыстық соты баспасөз қызметінің мәліметінше, әлектің барлығы алмадан басталған.
Қылмыскерлердің бірі Еңбекшіқазақ ауданында орналасқан шаруа қожалықтарының бірінде алма теруге жалданып жұмыс істеген. Ол 2013 жылдың қазан айында аталған қожалық иесі алмаларды сатудан қомақты қаражат тапқаның болжаған.
«2013 жылдың қараша айының аяғында азамат өзінің достарымен ішімдік ішіп отырып, оларға шаруа қожалығының иесінде алма сатқаннан тапқан қомақты қаражаты болуы мүмкін деген болжам айтқан. Ол ақшаны қарақшылық жолмен иемденуді ұсынған. Олар сол күні кешке беттеріне бетперде киіп, қолдарына пышақ алып үйге терезені бұзып кірген. Үйде әйел және оның ересек ұлы болған. Бұзақылар оларды қолындағы пышақпен қорқытып ақша талап еткен. Жәбірленуші әже өзінде бар 60 000 теңгені қарақшыларға берсе де олар оны қанағат тұтпаған. Жәбірленушінің ұлы пышақ ұстап тұрған қылмыскермен алысып оның пышағын тартып алған. Күш көрсетпекші болған басқа топ мүшелерінен қорғанып, оларға жарақат келтірген», делінген хабарламада.
Қылмыскерлердің үшеуі қашқан, бірі аяғынан жарақаттанып қашып кете алмаған. Қызық болғанда жарақат алып, оқиға орынынан қаша алмай қалған азамат қылмысты ұйымдастырушы болып шықты.
Сот үкімімен қылмыскерлер ҚР ҚК-нің 179 бабы 4 бөлігі «б» тармағымен кінәлі деп танылды. Осы баппен олардың үшеуіне 10 жыл, ал біреуіне 12 жыл бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Сондай-ақ, оларға жеке басына тиесілі мүлкін тәркілеу белгіленді.