Өңірде жыл басынан бері букмекерлік кеңсе атауын бүркемеленіп жұмыс істеген 28 жасырын ойынхана жабылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Нәтижесінде, 2,5 мыңнан астам ойын жабдықтары тәркіленген. Бұл туралы облыстық экономикалық тергеу департаменті мәлімдеді. Ойын бизнесін заңсыз ұйымдастыру фактілері бойынша 22 қылмыстық іс қозғалған. Бұл - өткен жылмен салыстырғанда, 55 пайызға артық. Мамандар тек маусым айының өзінде заңсыз ойын бизнесіне қатысты 9 қылмысты анықтаған.
«Соттың шешімімен, әділет және экология департаменттерімен бірлесіп 490 компьютерлік техника, ойын автоматтары жойылды. Заңсыз ойын клубтары мен казино қызметін анықтау және олардың жолын кесу бойынша іс-шаралар жалғаса береді. Бұл мәселе Қаржы министрлігінің Қаржы мониторингі комитеті төрағасының тұрақты бақылауында. Егер сіз заңсыз ойын бизнесі туралы ақпарат білетін болсаңыз немесе көрсеңіз, департаменттің кезекші бөліміне хабарласуыңызды сұраймыз», - дейді МО экономикалық тергеу департаментінің басқарма басшысы Азамат Ахметов.