Есептен жасырылған қылмыстардың саны жыл сайын еселеп өсіп келеді. Қызметін асыра пайдаланғысы келетін кейбіреулер жәбірленушінің жанайқайынан құлқынның қамын жоғары қояды. Сыбайластық арқылы қылмыскер де жауапкершіліктен сытылып кетіп жатады. Оларға мүмкіндік жасайтындардың көбі жоғары лауазымдағылар екені рас. Солардың бірі жуырда қолға түсті.
Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агеттігі Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаментінің шұғыл іздестіру шаралары нәтижесінде, ОҚО Шымкент қаласының ІІБ Әл-Фараби аудандық полиция бөлімі басшысының орынбасары, полиция подполковнигі Т.Доланов арадағы делдал арқылы 700 мың теңге алды деген күдікпен ұсталды.
Полиция подполковнигі Т.Доланов өзінің қызмет бабын асыра пайдалана отырып, аталған қаражатты С. деген азаматты қылмыстық жауапкершілікке тартпай, оған қатысты қылмыстық істі тоқтату үшін алған болатын.
С-ға да керегі осы. Басы дауға шатылған адам «көмек қолын» созбақ болған шендінің сұрағанын беруге әзір. Айтқанын болжытпай орындауға дйаын.
Қазіргі таңда аталған дерек бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық Кодексінің 190 бабы 3 бөлігі 2 тармақшасына сәйкес «мемлекеттік лауазымды атқаратын адам жасаған алаяқтық» тергеп-тексеру жүргізілуде.
Т.Долановқа қатысты Шымкент қаласының Әл-Фараби аудандық сотының қаулысы негізінде «арест» түріндегі бұлтартпау шарасы қолданды.
Тергеу амалдары жүргізілуде.
Жемқорлық–жарға жығады деген осы. Азаматтардың құқығын қорғап, қоғамдық тәртіпті, ішкі саяси-ахуалды реттейтін шенділердің өзі осындай бассыздыққа барып отырғаны көңілді қынжылтады.