$ 494.87  520.65  4.91

Қытайдан қашып келген екі қазақты ҰҚК қызметкерлері алып кетті

Оларды Алматы қаласындағы Бөгенбай батыр мен Наурызбай батыр көшелерінің қиылысында тұрған Ұлттық қауіпсіздік комитеті шекара қызметінің 2040 бақылау-өткізу пунктіне алып барған.

Алматы қалалық Полиция департаментінің көші-қон басқармасына барып, босқын мәртебесін сұрамақ болған екі этникалық қазақ - Қастер Мұсахан мен Мұрагер Әлімұлын ҰҚК шекара қызметінің адамдары алып кетті, деп хабарлайды Азаттық.

- Алматы облыстық Полиция департаментінің көші-қон басқармасынан босқын мәртебесін сұрауға келіп, түскі үзіліс кезінде тамақтанып отырған Қастер Мұсахан мен Мұрагер Әлімұлын өздерін «шекара қызметінің қызметкеріміз» деп таныстырған үш адам келіп, құжатқа қол қоясыздар деп мәжбүрлеп әкетті, - дейді тіркелмеген «Атажұрт еріктілері» ұйымының мүшесі Гүлжан Тоқтасынқызы.

Оның айтуынша, Қытай қазақтарының «адвокатымызды шақырайық» деген өтінішіне де құлақ аспаған. Оларды Алматы қаласындағы Бөгенбай батыр мен Наурызбай батыр көшелерінің қиылысында тұрған Ұлттық қауіпсіздік комитеті шекара қызметінің 2040 бақылау-өткізу пунктіне алып барған.

Гүлжан Тоқтасынқызының сөзінше, Қытайдан келген екі этникалық қазақпен бірге тіркелмеген «Атажұрт еріктілері» ұйымының жетекшісі Бекзат Мақсұтханұлы да ҰҚК шекара қызметінің ғимаратына кірген. Қазір Қастер Мұсахан мен Мұрагер Әлімұлының адвокаты Бауыржан Азанов та ҰҚК ғимаратына кіргенгі белгілі болды.

Бүгін, 14 қыркүйекте адам құқығы бойынша халықаралық бюроның Алматыдағы кеңсесінде Қытайдың Шыңжаң ауданынан Қазақстанға «қашып келдік» деген екі этникалық қазақ - Қастер Мұсахан мен Мұрагер Әлімұлы және олардың қорғаушысы Бауыржан Азанов баспасөз мәслихатын өткізген еді.

Өздерінің айтуларына қарағанда, 1989 жылы туған Қастер Мұсахан мен 1994 жылы туған Мұрагер Әлімұлының Қытайда отбасы қалған. «Қытай шекарасынан 1 қазанда өткен» олар Қазақстанның мемлекеттік шекарасы аралығындағы бейтарап аумақта 5 күндей жүріп, 6 қазанда Шығыс Қазақсан облысының Зайсан, Шілікті, Маңырақ ауылдарының тұсынан Қазақстанға өткен.

Қастер Мұсаханұлы Қытайда «4 жыл 8 ай саяси лагерьде отырдым, қысым жасады, үш рет ауыр соққы алғандықтан шыдамай Қазақстанға кетуге бел будық» дейді. Қытайда қысым көргенін, ұрып соққанын айтқан Мұрагер Әлімұлы екеуі «Қазақстан қандай жазаға тартса да көнеміз, тек Қытайға қайтармаса болды» дегенді айтады.

Алматыға келгендеріне төрт күн болған олар бүгін көші-қон полициясына барып арыз түсіретінін, босқын мәртебесін сұрайтынын мәлімдеген болатын.

Адам құқығы бойынша халықаралық бюро қызметкері Инга Иманбай оларға құқықтық тұрғыда қолдау көрсететінін айтқан. Адвокаттары Бауыржан Азанов көші-қон басқармасына арыз тапсырылған соң босқын мәртебесін алуға заң жүзінде әрекеттенетінін мәлімдеген.

Еске салсақ, «Қытайдағы саяси үйрену лагерінде қысым көріп, Қазақстан шекарасынан заңсыз өтуге мәжбүр болдым» деген тағы бір Қытай азаматы, этникалық қазақ Сайрагүл Сауытбай ісі 2018 жылы Қазақстан қоғамын елеңдеткен.

2018 жылы мамыр айында «Қорғас кеден бекетін заңсыз бұзып өтті» деген айыппен қамауға алынған Сайрагүл Сауытбайға Қазақстан Қылмыстық кодексінің 392-бабы («Шекараны заңсыз бұзып өту») бойынша айып тағылған. Ол сот процесі басталар қарсаңында және одан кейін Қазақстаннан босқын мәртебесін ала алмаған. Оған Алматы облыстық Полиция департаментінің көші-қон басқармасы «пана іздеуші тұлға» куәлігін берген еді.

Сот Сайрагүл Сауытбайды алты ай бас бостандығынан айыруға, бірақ, оны «жазасын жеңілдететін ерекше жағдайына» байланысты шартты жазаға алмастыруға үкім еткен. Осылайша, сот Сайрагүл Сауытбайды Қытайға депортацияламай, Қазақстанда қалдырған. Бұдан кейін оны Швеция қабылдаған болатын.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары