$ 494.87  520.65  4.91

Тоңазытқышта өлген шақалаққа қатысты іс: басқарма басшысы жұмыстан босатылды

Денсаулық сақтау басқармасы барлық норманы талапқа сәйкестендіру бағытында жұмыстар жүргізіп жатыр.

Атырау облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Мәншүк Аймұрзиева қызметінен кетті. Осыған байланысты әкімдік түсініктеме берді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.

"Атырау облысы денсаулық сақтау басқармасының басшысы қызметінен кетті. Облыс әкімдігі денсаулық сақтау саласына айрықша назар аударып келеді, жыл сайын дәрігерлердің қажеттіліктеріне қаражат бөлініп, қаржыландыру мөлшері артып отыр, перзентханалар мен ауруханалардың, медициналық ұйымдардың жұмыстарына толық қолдау көрсетілуде", - делінген ресми хабарламада.

Денсаулық сақтау басқармасы барлық норманы талапқа сәйкестендіру бағытында жұмыстар жүргізіп жатыр.

Әкімдіктің мәліметінше, барлық кінәліге шара қолданылады. Мәселен, денсаулық сақтау саласына жетекшілік ететін облыс әкімінің орынбасарына қатаң сөгіс берілген.

Қылмыстық іс қалай қозғалды?

4 қазанда сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі шұғыл брифинг өткізіп, Атырау облыстық перинаталдық орталығында болған жағдайдың мән-жайын жариялады.

Агенттік төрағасының орынбасары Шыңғыс Қабдоланың сөзіне қарағанда, перзентханада туған сәби тірі болған. Алайда дәрігерлердің салғырттығынан құжатта өлі деп жазылып кеткен. Олар қатені түзетпеу үшін шақалақты тоңазытқыш камерасында қалдырып кеткен.

Бұл жағдай Атырау облыстық перинаталды орталығының жетекшісіне қатысты басқа істі тексеру кезінде анықталған. Бұған дейін медициналық мекеменің басшысы жемқорлыққа байланысты ұсталғаны хабарланған болатын.

Бастапқыда іс қылмыстық кодекстің 317-бабына сәйкес қозғалды. Бұдан кейін 99-бапқа ("Қасақана адам өлтіру") өзгертілді. Кінәсі дәлелденсе, орталық жетекшісі 20 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.

Ал өткен аптада перзентхананың 31 қызметкері өз еркімен жұмыстан кетуге арыз жазды.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары