$ 498.34  519.72  4.85

Ақмола облысының тұрғынын ат құйрығына байлап өлтірген

Ақмола облысында жанжалдасып қалған екеудің бірі қарсыласын ат құйрығына байлап, сүйреп өлтірген, деп хабарлайды "Қазақпарат".

Ақмола облысы Ақкөл ауданы Кеңес ауылының тұрғындарына жәбірленушіні соққыға жығып, ат құйрығына байлап өлтірді деген айып тағылды.

Алқа билердің шешімімен 1987 жылы туған К. Ахметов және 1995 жылы туған Т.Сатенов бұзақылық ниеттен аса қатігездікпен кісі өлтіруде кінәлі деп танылды.

Бұл туралы Ақмола облыстық прокуратурасының баспасөз қызметінен хабарланды.

Кісі өлтірерден бір күн бұрын Ахметов пен жәбірленуші Амантаев жанжалдасып қалады. Ертесінде Ахметов ішімдікке сылқия тойып, ауылдасы Амантаевты телефон арқылы далаға шақырып алған. Шыққан бетте ол жәбірленушінің кеудесінен, бетінен ұрып, артынша қамшымен сабай жөнеледі.

Бұнымен қоймай, қаныпезер сыбайласы Сатеновке қорадан арқан әкелуін бұйырып, ол арқанмен ілгек жасап, бір ұшын Амантаевтың мойнына салады да, екінші ұшын ат құйрығына байлаған. Сөйтіп, екі қылмыскер жәбірленушіге аса ауыр дене және жан азабын келтіріп, атпен сүйреп өлтірген.

«Алқа билердің шешімімен кісі өлтірушілер тиісті жазаларын алды. Атап айтқанда, К.С. Ахметов 14 жылға, ал Т.С. Сатенов 10 жылға бас бостандығынан айырылды. Сотпен жәбірленушілердің пайдасына кінәлілерден келтірілген моральдық және материалдық зиян өндіріліп алынды», делінген баспасөз баянында.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары