$ 524.65  552.19  5.14

Ақтөбеде сүйіктісін өлтірген күдіктінің соты басталды

Тергеу материалдарында орта білімді Бақыт Орынбасаровтың бұрын сотталмағаны, жергілікті компаниялардың бірінің жұмысшысы болғаны айтылады.
Фото: Азаттық
Фото: Азаттық

20 желтоқсан күні Ақтөбе облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты биыл тамызда "кісі қолынан қаза тапқан" 22 жастағы Әсем Эльбрусованың өліміне қатысты қылмыстық істі қарай бастады. Бұл іс бойынша 23 жастағы ақтөбелік Бақыт Орынбасаров айыпталып отыр.

Мемлекеттік айыптаушы Нұржан Абдакимовтің сөзінше, сотталушы Бақыт Орынбасаров сүйіктісі Әсем Эльбрусованы 2019 жылғы 10 тамыз күні жалдамалы пәтерге шақырып алып, өлтірген. Тергеу материалдарында сотталушының өз айыбын мойындап, полицияға өзі келгені, қылмысқа қызғаныш себеп болғаны айтылады.

Жәбірленуші тараптың айтуынша, қаза боларынан бірер ай бұрын жергілікті университетті үздік тәмамдаған Әсем Эльбрусова Ақтөбедегі балабақшалардың біріне психолог болып жұмысқа тұрмаққа талаптанып жүрген. Жәбірленуші Айгүл Бірімжанованың сөзінше, Әсем қаза боларынан бір жарым жыл бұрын Бақыт Орынбасаровпен танысып, ата-анасына оған тұрмысқа шықпақ ниеті барын айтқан. Үйіне әкеліп, туыстарымен таныстырған.

- Бұл жігіт қызымның телефонын, әлеуметтік желідегі парақшаларын үнемі бақылап отырған, достарымен араласуына тыйым салған. Мен оны кейін білдім. Әсем - жалғыз перзентім еді, - деді Айгүл Бірімжанова сот басталмас бұрын берген сұқбатында.

Сотталушы Бақыт Орынбасаровтың заңды өкілі болған әпкесі де (аты-жөнін атамады), адвокаты Қуандық Ерсейітов те пікір беруден бас тартты. 

Тергеу материалдарында орта білімді Бақыт Орынбасаровтың бұрын сотталмағаны, жергілікті компаниялардың бірінің жұмысшысы болғаны айтылады.

Жәбірленуші тараптың өтініші бойынша Ақтөбедегі сотқа қатысқан "Не молчи" ұйымының жетекшісі Дина Смаилова "сотталушы марқұм Әсем Эльбрусованы бір жарым жыл бойы алдап келген" деп санайды.

- Сотталушы жұмысы орны, табысы, отбасы туралы мәліметтерді қалыңдығынан бір жарым жыл бойы жасырып келген. Оның үйленбек ниеті барын ата-анасы да білмеген. Тергеу кезінде "қалыңдығым менің рұқсатымсыз аборт жасатқандықтан өлтірдім" деген. Өз айыбын мойындап полицияға барған. Полиция оның үстінен қылмыстық іс қозғады. Ал оның бір жарым жыл бойы Әсем Эльбрусованы алдап келгенін тергеу мүлдем ескермеген, - дейді Дина Смаилова.

Сот процесі 26 желтоқсан күні жалғасады.

Дереккөз: Азаттық

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары

Тегтер:

#Ақтөбе