$ 494.87  520.65  4.91

«Жарайды, бәріне көнеміз»: қытайлармен төбелескен қызылағаштық 5 азаматтың соттағы видеосы шықты

«Халық үшін істедік бәрін. Біз өзіміздің қарабасымызды ойлаған жоқпыз. Қолдап-қолпаштап отырған халқымызға, қазақ еліне, мұсылмандарға рахмет!».

Алматы облысының Ақсу аудандық сотында өңірде жол салып жатқан қытайлық «Citic Construction» компаниясының Қытайдан келген жұмысшыларымен төбелескен Қызылағаш ауылының бес азаматына қатысты сот өтті, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.

Оларға Қылмыстық кодекстің «қару я суық қару қолданып, денсаулыққа зиян келтіру» (293-баптың 3-тармағы) бабы бойынша айып тағылған. Бұл бап бойынша 3 жылдан 7 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылып отыр.

Сотқа қатысқан белсенділердің айтуынша, онда өте көп адам барып, сот залына сыймай қалған. 

Еске сала кетсек, жәбірленушілердің саны – 24 адам. Оның 21-і – Қытай жұмысшылары болса, 3-еуі – Қазақстан азаматы. Алайда, сотқа жәбірленушілердің ешқайсысы келмеген.

Адвокаттар күдіктілерді қамаудан үйқамаққа ауыстыру немесе кепілмен босатуды сұрағанмен, судья бұл өтінішті қанағаттандырмаған. Facebook желісіне «Қызылағаштық бес батырды қолдайық!» деген тақырыппен жүктелген видеодан айыпталушылардың да сот шешіміне наразы екенін аңғаруға болады.

«Сот енді әділ өтеді деп сенеміз. Кішкене әділетсіздік басым болып тұр. Біз ешкімнен қашпаймыз, ешқайда қашқан жоқпыз. Негізі үйқамаққа жіберген дұрыс еді, жібермей отыр. Жарайды, бәріне көнеміз, шыдаймыз. Еркекпіз ғой. «Ерді намыс өлтіреді, қоянды қамыс өлтіреді». Халық үшін істедік бәрін. Біз өзіміздің қарабасымызды ойлаған жоқпыз. Қолдап-қолпаштап отырған халқымызға, қазақ еліне, мұсылмандарға рахмет! Бәрін көріп, сезіп отырмыз. Алла разы болсын!» - деді қамауға алынған бесеудің бірі.

Сол сәтте айыпталушылардың сот залына жиналған ата-ана, туыс-туғандарының көз жастарына ерік беріп, егіліп отырғандары көрсетілді.

Енді келесі сот отырысы желтоқсанның 24-і күні өтпек.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары