Бұрынғы Мәжіліс депутаты, блогер Тәңірберген Бердоңғаров «Не молчи.KZ» қоғамдық қорының басшысы Дина Смаилованы (Таңсәрі) сотқа берді. Экс-шенеунік Смаилова Facebook парақшасында оған жала жабу, абыройға нұсан келтіру белгілері бар пост жазды деп есептейді.
«Не молчи.KZ» басшысы Бердоңғаровтың 2018 жылы «Нұр-Сұлтан-Ақтөбе» пойызында қыз зорлаған жолсеріктердің ата-анасынан сұхбат алып, жәбір көрген қыздың жеке бас дерегін ашық айтқанын айыптап, пост жазған. Бүгін Смаилова желідегі оқырмандарын алда өтетін сотта өзіне қолдау көрсетуге шақырды.
«Ол Тальгоның қыз зорлаған жолсеріктерінің ата-анасына өзінің арнасында (YouTube арнасы – авт.) пікір білдіруге рұқсат берді. Олар жапа шеккен қыздың жеке басына қатысты ақпараттарды жайып салды. Өтірік сөзді көп айтты. Олар сот кезінде де қыз жолсеріктерден ақша талап еткен деген шындыққа жанаспайтын сөздер айтып еді.
Міне, Тәңірберген соларға ой білдіруге мүмкіндік жасап берді. Содан соң, зардап шеккен қыздың жан жарасы ауырлай түсті. Ол онсыз да екі рет өзіне қол жұмсамақ болған. Жаңағыдай арандатудан кейін тағы суицид жасай ма деп қорықтым. Бердоңғаровқа, тіпті, жеке өтініш те айтып едім, тыңдамады. Сондықтан мен оны енді еркек деп есептемеймін», - дейді Дина Таңсәрі.
«Аzattyq-ruhy» блогер Бердоңғаровтың да пікірін білді. Ол мені жаман атқа қалдырғаны үшін Динагүл Смаилова сот алдында жауап беруі тиіс деген ұстанымда.
«Дина Таңсәрі шындыққа жанаспайтын ақпарат таратып, мені Тальгодағы зорлаушыларды қорғап жатыр деп айыптауда. Былтыр тамыз айында ол өз Facebook парақшасында осындай пост жазды. Динаның постын сайттар іліп әкетіп, «экс-депутат зорлаушыларды қорғауда» деген тақырыптармен материалдар шығарды. Аталған ақпарат жалған, жала жабу деп есептеймін. Біз осыны сотта дәлелдейміз деп шештік», - деді Тәңірберген Бердоңғаров.
Бұдан бұрын Тальгодағы жолсеріктерден жәбір көрген қыз өзі туралы жалған ақпарат таратқан Бердоңғаровтың үстінен арыз жазып үлгерген еді.
Еске салайық, былтыр желтоқсан айында Қостанай қаласының соты «Нұр-Сұлтан-Ақтөбе» пойызының жолсеріктері – Жетес Үмбеталиев пен Қолқанат Құрманиязовқа қатысты үкім шығарып, 5 жылға түрмеге жапқан. Оларға Тальго купесінде қызды зорлады деген айып тағылды. Бұл іс туралы жұртшылық «Не молчи.KZ» ұйымы жазғаннан кейін білді.
Зардап шеккен қыз баспасөз-мәслихатын өткізіп, болған жайтты өзі баяндап берді. Оны елдегі бір топ белсенді адамдар қолдап, оқиға қоғамда үлкен резонанс туғызды.
Тамыз айында Тәңірберген Бердоңғаров өз YouTube арнасына сотталған жолсеріктердің ата-анасынан сұхбат алып, жариялады. Бердоңғаровтың арызы бойынша, сот отырысы 23 қаңтарда Нұр-Сұлтан қаласында өтеді.
Дереккөз: Azattyq Rýhy