04.02.2020, 00:00

ҰҚК мен ІІМ Алматыда қылмыс әлемінің әйгілі серкесі «Серік-голованың» тобын ұстады

фото: ҚР ҰҚК
Тінту кезінде олардың тұрғылықты мекенінен автомат және жартылай автомат қарулары, ірі көлемдегі ақша, сондай-ақ, басқа адамдардан тартып алынған мүліктер табылып, тәркіленді.

Ұлттық қауіпсіздік комитеті Алматы облысында ұйымдасқан қылмыстық топ мүшелерінің ұсталуына қатысты қосымша мәлімет таратты, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы, ҰҚК баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

«Ұлттық қауіпсіздік комитеті Ішкі істер министрлігімен бірлесіп, 1 ақпанда арнайы операция жүргізді. «Вор в законе» Серік Жаманаев басқаратын (қылмыс әлеміндегі лақап аты – «Серік-голова») ұйымдасқан қылмыстық топтың жолы кесілді.

Жаманаевпен бірге ауыр және аса ауыр қылмыстарға, оның ішінде күш қолдануға қатысы бар деп күдікке ілінген қылмыстық ортаның алты өкілі ұсталып, Алматы қаласы ПД-ның уақытша ұстау изольяторына қамалды. Тінту кезінде олардың тұрғылықты мекенінен автомат және жартылай автомат қарулары, ірі көлемдегі ақша, сондай-ақ, басқа адамдардан тартып алынған мүліктер табылып, тәркіленді» делінген хабарламада.

Қазір ҰҚК мен ІІМ ведомствоаралық жедел-тергеу тобы сотқа дейінгі тергеу ісін жүргізуде.