$ 495.2  522.34  4.94

Атырау облысында жылқыны аяусыз ұрып өлтірген қасапшыға ешқандай жаза қолданылмады (ВИДЕО)

Малды азаптаған қасапшы Өзбекстан азаматы еді. Оны еліне қайтарып жіберіпті.

Атырауда жылқының басынан темір балғамен ұрып азаптаған қасапшы жазадан сытылып кетті. Сотқа дейінгі тергеу амалдарын жүргізген құқық қорғаушылар істі тоқтатты. Қазір қасапхана қайта жұмысына кіріскен, деп хабарлайды «Астана» телеарнасы.

Қасапханада жануарға жасалған қатігездік көпшіліктің әлі есінде. «Төрт түліктің төресін» азаптаған видео әлеуметтік желіде халықтың ашуын туғызған болатын. Тиісті орган мамандары аяқтан тік тұрды. Жаппай тексеріс жүргізіп, мал соятын орынды уақытша жауып тастаған еді.

Сол сәтте полиция департаменті «Жануарларға қатігездік жасау» бабымен іс қозғады. Тіпті, видеодағы қасапшыны ұстап, жауап алған болатын. Алайда, араға екі ай салып, іс тоқтатылды.

«Тергеу нәтижелерімен қылмыстық процестік кодекстің 35-бабы 1- бөлігі 2-тармағы негізінде қылмыстық теріс қылықтың құрамы болмауына байланысты өндірістен тоқтатылды. Аталмыш цех қызметкерлеріне профилактикалық құқықтық түсіндіру жұмыстары жүргізілді», - дейді Атырау облыстық ПД баспасөз қызметінің өкілі Гүлнәзира Мұхтарова.

Бірақ, полицейлер нені түсіндіріп жүргендерін ашып айтпады. Тергеу материалдарына сүйенсек, малды союдың тәртібіне сай оны бауыздамас бұрын естен тандырады-мыс. «Механикалық, электрлік тәсілдер немесе үлкен балғамен де соғып жығуға болады» екен. Бұл – қасапшының қауіпсіздігі үшін жасалатын әрекет деп түсіндірді.

Ал алматылық еріктілер мұндай қатыгездікті тоқтату үшін талай табалдырықты тоздырғандарын айтады.

«Жануарларды қорғаушылар, қорлар, еріктілер, жанашыр қарапайым адамдар Қылмыстық Кодекстің бұл бабы жұмыс істегенін талап етіп келеді. Осы бап бойынша, «жан-жануарға қатігездік жасайындар қылмыстық жауапкершілікке тартылсын» дейді. Алайда, бап бар, бірақ, ол жұмыс істемейді. Біз әкімдікке де, прокуратураға да арыз жаздық. Бірақ, әзірге ешқандай нәтиже болмай тұр», - дейді ерікті Евгения Калиниченко.

Еске сала кетсек, бұған дейін жылқыларды бірінен соң бірін ұрып құлатқан мал сою орны Махамбет ауданының Береке ауылында орналасқанын жазған болатынбыз. Қазір ол әлі жұмыс істеп тұр. Ал малды азаптаған қасапшы Өзбекстан азаматы еді. Оны еліне қайтарып жіберіпті.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары