$ 494.87  520.65  4.91

АҚШ алқа соты Азамат Тәжаяқовты айыпты деп таныды

Бостон марафоны кезіндегі жарылысты тексеру ісінде күдікті болған қазақстандық студент Азамат Тәжаяқов шілденің 21-і күнгі сотта терактіні тексеруге кедергі келтірген деп танылды, деп хабарлайды «Азаттық» радиосы Boston Globe газетіне сілтеме жасай отырып.

Басылымның жазуынша, ақтық шешім қазанның 16-сы күні шығады. Boston Globe басылымы Азамат Тәжаяқовқа тергеуге кедергі келтіргені үшін ең ауыр 20 жылдық түрме жазасы, сөз байласқаны үшін 5 жылға дейін абақты жазасы кесілуі мүмкін екенін жазады.

Ал британиялық Guardian оның бес жылға дейін сотталып, 250 мың доллар айып төлеуі мүмкін екенін болжайды. Бостон қаласының өлкелік сотындағы сот алқасы Массачусетс университетінің бұрынғы студенті, 20 жастағы қазақстандық Азамат Тәжаяқовты бұл қалада 2013 жылы сәуірдің 15-інде марафон кезінде болған, үш адамды мерт етіп, 260-тай адамды жаралаған жарылысқа қатысты соттады.

АҚШ тергеушілері Азамат Тәжаяқов пен тағы бір қазақстандық студент Диас Қадырбаевты айғақ заттарды жойып, терактілерді тексеруге кедергі келтірген деп айыптайды.

Тергеу мәліметінше, жарылыстан соң үш күннен кейін басты күдікті Джохар Царнаевтың Массачусетс университетінде танысқан достары Азамат Тәжаяқов пен Диас Қадырбаев оның пиротехника салынған рюкзагы мен ноутбугінен құтылған.

Диас Қадырбаевқа байланысты қыркүйекте басталатын сот процесі бөлек өтеді. Азамат Тәжаяқовқа қатысты сот үкімі 16 қазан күні жарияланатын болды, деп жазады Қазақпарат шетелдік БАҚ-қа сілтеме жасап.

Бұған дейін хабарлағанымыздай, Азамат Тәжаяқов 2013 жылы сәуір айында Бостонда орын алған террорлық актіні тергеуге кедергі келтіруге қатысты айыпты деп танылған болатын. Тәжаяқов тергеуге кедергі келтіргені үшін және сөз байласқаны үшін кінәлі деп танылып отыр.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары