Солтүстік Қазақстан облысында жалған ақша тасымалымен айналысқан қылмыстық топ қолға түсті, деп хабарлайды «Хабар 24».
Күдіктілерді Экономикалық тергеу департаментінің мамандары арнайы операция барысында ұстаған. Оның құрамында Қазақстаннан бөлек, Грузия және Ресей мемлекетінің азаматтары бар екендігі анықталды. Алдын ала болжам бойынша, пысықайлар қаңтар айында елімізге 100 мың еуро жеткізіп, оларды айналымға енгізбек болған.
Бүгінге дейін сезіктілер жалған купюралардың бір бөлігін айырбастап үлгеріпті. Жалпы, мұндай қылмыс жасағандарға 5 жылдан 15 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.
«Ұйымдасқан топтан жалпы сомасы 2 миллион теңге және 30 мың Ресей рублі мен 68 мың жалған еуро номиналы тәркіленді. Қазір ұсталғандар соттың шешімімен қамауға алынды. Тергеу амалдары жүргізілуде», - дейді облыстық Экономикалық тергеу департаментінің тергеушісі Айгүл Бүкірова.