Қарағандыда ер адам «Гарант 24» компаниясының жарнама баннерін суретке түсіріп алды, деп хабарлайды Tengrinews.kz.
Атышулы ломбардтың жарнамасын Жанболат есімді азамат көріп, «кеншілер астанасында» жетекшілері қамауға алынса да, компаниясының атауы әлі ілініп тұрғанына таңғалған.
«Қарағандыға басқа қаладан келіп, мына баннерді көріп, жағамды ұстадым. Оны алып тастау керек деп есептеймін. Бұл компания мыңдаған адамды жылатты. Әлі күнге ілініп тұрғаны – жергілікті атқарушы органдардың шалалығы», - дейді сурет авторы.
Қарағанды әкімдігінің баспасөз қызметіндегілер конструкция иесіне баннерді демонтаждауға кеңес берілгенін хабарлады. Сөйтсек, бұл жарнама орнының иесі «Медиа Высот Монтаж» ЖШС екен. Бұл компанияның қызметкерлері баннердің 3 наурызда алынып тасталатынын жеткізді.
«Тапсырыс берушімен бұл жарнама бір ай ілініп тұрады деген келісім болған, ертең уақыты өтеді. Келісімшарт жасасу кезінде біз компанияның қандай екенін білмедік. Қала бойынша біз тек осы баннерді ілдік», - дейді ондағылар.
Тағы оқи отырыңыз: «Гарант 24 Ломбард» ЖШС басшысы Мырзабеков ұсталды
Полиция департаментінің өкілдері де бұл жағдайға қатысты пікір білдірді. Ведомство мәліметінше, «Гарант 24» компаниясының өңірлік директорларына қатысты тергеу жалғасып жатыр. Соталды тергеу органы «Гарант 24» компаниясына байланысы бар барлық жарнаманы алып тастау бойынша хат жолдапты.