Батыс Қазақстан облысында төтенше жағдай талабын бұзған 32 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
БҚО прокуратурасының баспасөз қызметінен түскен мәліметке қарағанда, соның ішінде 18-іне қатысты әкімшілік қамаққа алу туралы шешім қабылданды.
Әкімшілік істердің көпшілігі сауда (дүкендер) және қоғамдық тамақтану (мейрамхана, дәмханалар) орындары иелерінің төтенше жағдай кезінде енгізілген шектеулерді орындамауына байланысты болып тұр.
Бұдан басқа, карантинге жатқызылған адам стационардан өз бетімен кетіп қалғандықтан, оған әкімшілік айыппұл салынды.
Медициналық бұйымдарды заңсыз сатудың төрт дерегінің жолы кесілді. Коронавирусқа қатысты көрінеу жалған ақпарат таратқан үш адамға қатысты ҚР ҚК 274-бабына сәйкес қылмыстық іс қозғалып, тергеу амалдары жүргізілуде.
Оған коса коронавирусты жұқтырған адамның жеке мәліметтерін таратқаны үшін бір қылмыстық іс тіркелді.
«Тұрғындар қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында қабылданған шектеу шараларын дұрыс түсініп, денсаулық сақтау басқармасы мен полиция қызметкерлерінің заңды талаптарын орындауды сұраймыз. Полицияның мұндай талаптарын бұзғаны үшін 40 АЕК мөлшерінде айыппұл немесе 10 күнге қамаққа алу жазасы көзделгенін еске саламыз. Санитарлық ережелер мен гигиеналық нормаларды бұзғаны үшін ҚР Әкімшілік құқық бұзу кодексі 425-бабына сәйкес 2000 АЕК, ал бақылаушы органдардың актілері мен талаптарын орындамағаны үшін (462-бап) 500 АЕК көлемінде айыппұл салынады. Мұндай нысандардың қызметі де тоқтатылады. Сондай-ақ шындыққа сәйкес келмейтін мәліметтерді таратпауға шақырамыз», - деп хабарлады БҚО прокуратурасы.