Түркістан облысында 70 миллион теңгенің малын ұрлаған қылмыстық топ мүшелері ұсталды. Бұл туралы облыстық Полиция департаментінің басшысы Қайрат Дәлбеков брифинг барысында мәлімдеді, деп хабарлайды holanews.kz.
Оның айтуынша, барымташылар тобы Түркістан және Кентау қалаларының аумағында төрт түлікті қолды етіп келген. Олар үш жылдың ішінде 150-ден астам жылқы мен сиыр ұрлаған.
«Кентаулық тұрғын 20-дан астам жылқысы жоғалып кеткенін айтты. Оқиға орнына шыққан Криминалдық полиция қызеткерлері, яғни жедел уәкілдер жақын маңдағы барлық аумақтар мен жайылымдарды аралап, көрген адамдар мен ауыл тұрғындарынан сұрастырған. Мал тасымалдайтын автокөліктерді және мал сатып алатын орындарды мұқият тексеріп шықты.
Жедел-іздестіру іс-шарасы барысында осы қылмысқа қатысы бар деген Түркістан мен Кентау қаласының 5 күдікті тұрғынын, оның ішінде ұрланған малдарды сатып алушыны да ұстады.
Тергеу барысында барымташылардың 125 жылқы мен 30 бас ірі қара малдың ұрлығына қатысы бар екендігі анықталды. Бүгінгі таңда 2017-2020 жылдар аралығында мал ұрлығының 19 жайтына қатысы бары белгілі болды», - деді Қайрат Дәлбеков.
Полиция департаменті бастығының сөзінше, қылмыстық топтың құрамындағылардың әрқайсысы өзіне жүктелген міндетті орындаған. Бірі малды жайылымнан ұрлап тұрса, басқалары қора-жайларға жасырумен айналысқан.
Тағы бірі ұрланған малды сатқан немесе сату үшін сойып отырған. Күдіктілердің үйін тінту кезінде тәртіп сақшылары 18 бас жылқы мен 9 сиырды тәркілеп, оларды заңды иелеріне қайтарған.
«Қазіргі уақытта аталған жайт бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Жәбірленушілерге келтірілген шығынның жалпы көлемі 70 миллионнан астам теңгені құрады. Күдіктілер қамауға алынды. Полиция қызметкерлері ұсталғандардың басқа да осыған ұқсас мал ұрлығы деректеріне қатыстылығын анықтауда», - деді Қайрат Дәлбеков.