$ 447.4  477.55  4.76

Тура бір жылдан соң: Арыстағы жарылысқа қатысты сотта 16 адам айыпты деп танылды

Сыртта сот процесіне кіргізуді сұрап тұрғандардың айтуынша, арада бір жыл уақыт өтсе де жарылыстан қираған, құлаған мүліктері қалпына келтірілмеген. Келген шығын өтелмеген.

11 маусымда Шымкенттегі Сәуле шағын ауданында орналасқан №35748 әскери бөлімінде Түркістан облысы Арыс қаласындағы әскери бөлім қоймасындағы жарылыс бойынша сот отырысы басталды. Істі Шымкент әскери гарнизонының соты қарап жатыр, деп хабарлады Азаттық радиосы. 

Шамамен 85 шақырым жердегі Арыс қаласынан Шымкенттегі сотқа келген тұрғындар соттың Арыста өтуін талап етті.

Айта кетсек, былтыр маусым айында Арыс қаласындағы әскери бөлімнің оқ-дәрі қоймасы жарылып, 3 адам қаза тауып, ондаған адам жарақаттанған болатын. Мыңдаған үйге зақым келіп, Арыстың 40 мыңнан астам тұрғыны Шымкент қаласы мен төңірегіндегі елді мекендерге эвакуацияланған еді.

Сот өтуі тиіс әскери бөлімге тізіммен кіргізіп отырған қызметкерлердің сөзінше, сотта жәбірленуші деп 1500 адам танылған. Сот процесіне 150 адам кірген.

Орын жоқ болғандықтан, 30 шақты адам сыртта тұрған. Олардың ішінде сот процесіне шақырылмаған, бірақ, жарылыстан зардап шеккен адамдар да бар.

Сыртта сот процесіне кіргізуді сұрап тұрғандардың айтуынша, арада бір жыл уақыт өтсе де жарылыстан қираған, құлаған мүліктері қалпына келтірілмеген. Келген шығын өтелмеген.

«Жеке өзім құрылысы бітпеген жүз үйді көрсетіп бере аламын. Шығыны өтелмеген кәсіпкерлер бар. Шымкентке не үшін келіп тұрмыз? Тойға ма, концертке ме? Ары-бері жүрудің өзіне жолақымыз жоқ. Зейнетақымыздан жырып келіп отырмыз. Үкіметтен, билік басындағылардан осы процесс Арыста өтсін деген талабымыз бар», - дейді Арыс қаласының тұрғыны Асатулла Сүтбаев.

Оның сөзін сонда жүрген өзге де тұрғындар қолдады. Сотта айыпталушылардың құқығын қорғаған адвокаттардың бірі Алтынбек Қараманов қазір сотқа 200-ге жуық адам қатысып жатқанын, пандемия кезінде мұның қауіпті екенін айтты. Сондай-ақ, ол: «Қылмыстық-процессуалдық кодекс талабына сәйкес, мұндай үлкен істерді екі судья қарауы керек, ал қазір істі бір ғана судья жүргізіп жатыр», - деді.

Сот процесіне келген журналистердің тізімін әскери қызметкерлер жазып алғанымен, ішке кіргізілмеді.

Шымкент гарнизонының әскери сотының дерегінше, сотта 16 адам айыпты деп танылған. Олардың арасында Арыс қаласындағы әскери бөлім қызметкерлері, Қорғаныс министрлігінің жоғары лауазымды офицерлері де бар. Алты айыпталушы сотқа Нұр-Сұлтан қаласынан онлайн режимде қатысады.

Айыпталушылардың үстінен Қылмыстық кодекстің «Қызметке салғырт қарау», «Қару-жарақпен, сондай-ақ, айналадағыларға қауіп төндіретін заттармен және нәрселермен жұмыс істеу қағидаларын бұзу» бабы бойынша түрлі айыптар тағылған. Іс 448 томнан тұрады.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары