$ 498.34  519.72  4.85

Ақтөбе облысында «қызметкерлері жұмыста ішімдік ішкен» ауыл әкімі мен тұрғын соттасуда (ВИДЕО)

«Видеоға түсірді. Публикация жасап, шығарып жатыр. Бәрін шығарып жіберген, аулымызда қарабет болып жүрміз», - дейді тұрғынға өкпелі әкім.

Ақтөбе облысындағы Темір ауданы Кеңқияқ кентінде ауыл әкімі мен тұрғын бірін-бірі сотқа сүйреп жатыр. Ауыл белсендісі әкімдік қызметкерлерінің жұмыста отырып ішімдік ішкенін айғақтап, телефонына түсіріп алған. Ол мемлекеттік қызметкерлердің заңсыз әрекетін әшкерелеу үшін полиция қызметкерін де шақырған, деп хабарлайды NUR.KZ.

Ауыл тұрғыны тәртіп сақшыларымен бірге әкімдік қызметкерлерінің медициналық тексерістен өткен сәтін де видеоға түсіріп, әлеуметтік желіге жүктеген.

«Қазір маған және менің анама қысым жасап, бізді халық жауы қылып көрсетіп отыр. Әкімдік қызметкерлерінің жұмыс уақытында ішімдік ішкенін көріп, видеоға түсіріп, желіге салдым. Олар 20 жылдан бері әкімдіктегі күзет қызметінде жүрген анам Айжан Алдашеваны еш ескертусіз, құжатсыз күндізгі жұмысқа ауыстырып жіберді.

Зейнетақы қорынан құжат алғанымызда төрт айлық ақшасының түспегенін білдік. Жағдайды сұрасақ, әкім дөрекі сөйлейді. Әкемізден ерте айрылған анамыз бес баланы өзі жеткізді. Екі баласы мүгедек», - дейді ауыл тұрғыны Гүлнәр Алдашева.

Айтуынша, ол 17 күннен бері жергілікті биліктен мардымды жауап ала алмай, президенттен көмек сұраған. Ал ауыл әкімі тұрғынның пікірімен келіспейді. «Ауылымда жүріп қарабет болдым» деген әкім өз құқығын қорғамақ.

«Қазір бұл жақта комиссия жұмыс істеп жатыр. Қорытындысын өздері шығарады деп ойлаймын. Ауылдағы белсенділер полициямен апарып, барлық адамды медициналық тексеруден өткізді. Видеоға түсірді. Публикация жасап, шығарып жатыр. Бәрін шығарып жіберген, аулымызда қарабет болып жүрміз.

Қыз баланың арызына байланысты «әкімдік қызметкерлері ішімдік ішті» дегенге түсініктеме жаздым. Менің бұған қатысым жоқ. Сол күні ауданда сессияда болдым. Әкімдік қызметкерлерінің барлығы жеке тұлға ретінде сотқа жүгінуге мәжбүр. Менің өзім де Қазақстан азаматы ретінде сотқа жүгінетін боламын», - дейді Кеңқияқ кентінің әкімі Макар Өтегенов.

Тұрғын мен мемлекеттік қызметкерлер арасындағы араздық әкімдіктің күзетшісі болып жұмыс істейтін анасының басқа жұмысқа ауыстырылғанынан басталған.

«Анасы ауылдағы әкімдік кеңсесінде күзетші болып қызмет етеді. Жаз айында гүл егу жұмыстарына тартылды. «Сергек» камерасын қойғаннан кейін түнгі күзетті полицияға тапсырған едік. Анасын жалақысы сақталған күйінде күндізгі жұмысқа ауыстырғанбыз.

Мен ақымақ емеспін, 28 жыл зауытта директор болдым. Заңды білеміз, орындаймыз. Өзім техника ғылымдарының профессорымын. Өнертапқыштықпен айналыстым. Екі жоғары білімім бар. Мына жұмысты ауылға көмектесейін деген мақсатпен қолға алдым», - дейді ауыл әкімі.

Қазір ауылдағы дауды анықтау үшін облыс әкімдігінен арнайы комиссия құрылған.

«Осы жағдайға байланысты ол жаққа облыстан арнайы комиссия жіберілді. Видеожазбаның ақ-қарасын анықтау үшін әдеп жөніндегі өкіл, әкімдік мамандары Кеңқияқта екі күн болды. Енді оның шешімін күтеміз. Комиссия қорытындысы бойынша қосымша мәліметтер хабарланады», - дейді облыс әкімінің баспасөз қызметінен Ғани Жәпішев.

Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің өкілдері де ауылда ушыққан дауға әділ баға беру үшін Кеңқияққа арнайы бармақ.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары