Оңтүстік Қазақстан облысында кәмелет жасқа толмаған балаларға арналған бейімдеу орталығында шыққан жанжал күшейе түсті, деп хабарлайды 31 телеарна.
Шымкенттің тағы бір тұрғыны ғаламторға өзінің ұлын орталықтағы тәрбиешілердің бірі қалай ұрғанын айтқан видеосын жариялады. 9 жастағы Дінмұхамед Спабекті анасы Кәрима ауруханаға, жансақтау бөліміне түсіп қалғаннан кейін бейімдеу орталғына алып кеткен болатын.
―Мен Фарида апайға мені ұрмаңыз дедім. Ол менің аяғымнан қатты тепті, аяғым қанап кетті. Апай маған «еденді жу, ананы жу, мынаны жу» деп қатты ұрды. Мен арқамның, аяғымның ауырып тұрғанын айтып, еденді жумадым, ― дейді бала.
Анасының айтуынша, эпилепсиямен ауыратын баласын орталықтан ауруханаға әрең жеткізген. Баланың аяғындағы жарақатты бір айдай емдеген. Әйел осы оқиғаға байланысты прокуратураға шағым жазған, бірақ жауап болмапты. Сондықтан, ол Бас прокуратураға осы бейнежазбаны жіберіп отыр.
Сондай-ақ телеарна тілшілері Кәмелет жасқа толмаған балаларға арналған бейімдеу орталығындағы былықтар туралы айтқан қыздардың бейнежазбасын да тапты. Осы роликті орталық қызметкерлерінің бірі Роза Байсариева түсірген көрінеді. Оның айтуынша, қыздардың орталық туралы айтқан сөздері толықтай шын болмаса да, орталық қабырғасында заңсыздықтар жетіп артылады.
Еңбекшіқазақ ауданы прокурорының орынбасары Бахыт Сейфолланың сөзінше, орталықта тәрбиеленуші қыздардың айтқан сөздерінде шындыққа жанасын тұстары бар екен. Бұл жағдайға байланысты қылмыстық іс қозғалды.
Еске сала кетсек, жақында ғаламторда ОҚО бейімдеу орталығында балаларға адам төзгісіз қорлық көрсетілгені жайында видео пайда болған. Бұл видеода жасөспірім қыздар аталмыш орталықта үнемі орын алып отыратын адамдыққа жатпайтын оқиғалар туралы бар шындықты жайып салады.
Жасөспірім қыздар «шынын айтып», орталықта әлімжеттіктің оты лаулап тұрғанын жеткізіпті. Айтуларынша, жасы үлкендер өздеріне әлімжеттік көрсетіп, тамақтарын тартып жеген, тіпті, қол жұмсайтын көрінеді. Ол аздай, жердегі қоқысты тілдерімен жинатып, айтқандарын істемесе мазақ етіп, бастарын унитазға тыққан да күндері болыпты.