Global Financial Integrity зерттеушілер тобы жыл сайын дамушы елдердің шетелге заңсыз шығарылып жатқан қаржысы туралы есеп әзірлейді. Биылғы рейтингке 149 мемлекет еніп отыр деп жазады Forbes.kz.
Зерттеу жұмыстары екі бөлімнен тұрады. Бірінші бөлімінде келісімшарттың құнын жалған көрсету арқылы сыртқа шығарылған капитал туралы айтылса, екіншісінде төлемдер жүргізудегі қателіктердің салдарынан шетел асқан ақшалар туралы жазылған.
Сарапшылар жүргізген зерттеулердің нәтижесіне сенсек, 2004 жылдан бастап 2013 жылға дейін дамушы елдерден барлығы 7,8 триллион доллар шетелге заңсыз шығып кеткен. 2014 жылдың 12 айында бұл көрсеткіш 465 миллиард долларды құраса, 2011 жылы 1 триллионға жетті. Ал, 2013 жылы 1,090 триллион долларды құраған.
Ең шығыны көп 5 елдің көшін Қытай бастап тұр. Бұл елдің 139,2 млрд доллары жыл сайын сыртқа заңсыз шығып кетеді екен. Сондай-ақ, Ресейде – $104,9 млрд, Мексикада – $52,8 млрд, Үндістанда – $51,0 млрд, Малайзияда – $41,8 млрд шетел асырылады.
Қазақстан бұл тізімнің 11-сатысында тұр. Орта есеппен алғанда біздің бюджеттің 16,7 миллиард доллары әр жыл сайын өзге мемлекеттерге заңсыз аударылып келетін көрінеді. Бұл ретте ең үлкен көрсеткіштің дағдарыстың қызып тұрған 2007 жылға сәйкес келгенін айта кету керек. Бұл кезеңде Қазақстаннан 26,5 млрд доллар заңсыз шетел асқан. Егер 16,7 миллиард долларды жан басына шақсақ, жыл сайын әрбір қазақстандыққа 982 доллардан тиеді екен. Бұл дамушы елдердің арасындағы ең үлкен көрсеткіш.